Алматылық шебер инновациялық киіз үйлер жасайды
Алматылық шебер Марат Бексұлтанов ерекше киіз үйлер жасайды, деп хабарлайды 24kz.
Дәстүр мен инновация үйлесім тапқан киіз үй қолданысқа ыңғайлы, жылы, жарық, әрі оны құрып, жинау өте оңай. Бұл іспен қоса, қолөнер шебері ескі сандықтарды жинаумен айналысады. Оның коллекциясында қазір 60-тан астам сандық бар.
Гүлжан Көленқызы, тілші:
- Бір қарағанда заманауи қазақ үйдің көз үйренген дәстүрлі киіз үйден айырмашылығы байқалмайды. Керегесі бар, уығы тартылған, шаңырағы орнында. Шебер дәстүрді бұзбай, ата-бабамызға тұрақ болған үйді аса ыждахатпен жасап шыққан. Ерекшелігі, диодты жарық енгізіліп, жылу ұстайтын есік-терезелер орнатылған. Киіздің иісін ұнатпайтындар үшін сыртқы жабдығын ылғалға төзімді материалдан жасапты.
Ең бастысы, киіз үйді 20 минутта құруға болады. Қолшатыр сияқты жиналатын киіз үйді тасымалдау да оңай. Заманауи киіз үйді жасауға бір ай уақыт кетіпті.
Марат Бексұлтанов, шебер:
- Инновацияның пайдасы көп, себебі жарық түседі ерекше түр береді. Жылу сақтайды. Оның ерекшелігі, бүкіл элементтері кереге, уық, шаңырақ бір-бірімен буындап қосылған. Сонда адамның мүшесі сияқты қимылдап жиналады да, бұзылады, бір конструкция ретінде.
Он саусағынан өнер тамған шебер жігіт өзі ойлап тапқан инновациялық әдісін патенттеп алған. Айтуынша, өзі Ресейде туып өскен. 90-жылдары Қазақстанға көшіп келіп, осы жерде жоғары білім алады. Ірі компанияда байланыс инженері болып жұмыс істейді. Кейіннен ұсталыққа бет бұрып, қолөнерге ден қояды.
Айбек Мапаев, шәкірті:
- Орысшалау өскен, осы кәсіпке, 360 градусқа дейді ғой, бұрылғаны жаңағы өзіміздің қазақы дәстүрімізді, бәрі таңғалады, Мен де өзім басында таңғалғанмын. Он жылдан бері істеп жатқанымызға, бір-бірімізді түсінеміз, сөзсіз түсінеміз деп айтуға да болады. Шеберлігі деген енді айта алмаймын. Қолынан келмейтін зат жоқ.
Марат Бексұлтановтың тағы бір қызығушылығы – ескі сандықтарды жинау. Қазір оның коллекциясында Қазақстанның түкпір-түкпірінен әкелінген 60-тан астам сандық бар. Көненің көзі саналатын бұйымдар әр кезеңдегі ұсталардың техникасынан хабар береді. Жасалғанына ғасырға жуықтаған мына сандықты Маңғыстау өңірінен әкелген.
Марат Бексұлтанов, шебер:
- Ескі экспонаттарды сақтап қалу, оны ертең мүмкін менде одан да көп болып кетер, үлкен музей болып кетер, біздің осы халыққа үлкен үлгісі тиеді, ұлттық құндылықтар қоры деп музейге айналып кетсе еке деп үміттенемін.
Мараттың арманы – киіз үйді тек Наурыз мерекесінде немесе кәсіп үшін қолданып қана қоймай, тұрмыста пайдаланылса дейді. Өмір сүруге қолайлы болу үшін инновациялық киіз үйді жетілдіріп, оған баламалы қуат көзін орнатуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев