«Сасық болса да ішеміз». Тараздықтар құдық суын тұтынуға мәжбүр
Тараздағы 4 бірдей тұрғын үй алабы таза ауызсуға жарымай отыр, деп хабарлайды 24KZ. Жұрт үйді-үйден ұңғыма қазып, құдық суын тұтынуға мәжбүр. Мәселе былтыр шешілуі тиіс еді. Бірақ қаржы қаралса да, құрылыс жұмыстары әлі күнге басталмаған. Тұрғындар қашан таза суға қол жеткізеді?
Қайнар, Ақжол, Мичуринец пен Родничок тұрғын үй алабында 10 мыңға жуық адам тұрады. Қаланың бір бөлігі 15 жыл бұрын шаһар құрамына қосылғанымен, ауызсу проблемасы әлі күнге шешімін тапқан жоқ.
Тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындар таза суды тасып ішуге мәжбүр. Ал кейбірі жерасты құбырына су фильтрін орнатқан. Оған әлі келмегендер мынадай жер құдықты әлі күнге пайдаланып отыр.
Дегемен ұңғымадан тартылған тіршілік нәрі ішуге жарамсыз. Бұл аумақта жер асты суы небары 3 метр тереңнен шығатын болған соң кәріз суымен араласады. «Сондықтан тұтыну мүмкін емес», – дейді тұрғындар.
Дүйсенкүл Жігітова, қала тұрғыны:
- Әрқайсысымыздың құдығымызды өлшеп көрдік. 3 метрден су шығып тұр, 3 метрде септигіміз, 3 метрде туалетіміз. Сол сасық суды жиіркенсең де, бәрібір судың аты – су, қанша сасық болып тұрса да, қанша дәмі шығып тұрса да, сабынның кәдімгідей дәмі шығады, бәрібір ішеміз, амал жоқ.
Лунара Исмаилова, қала тұрғыны:
- Құрт су ішіп отырмыз. Балдарымыз ауырады құрт судан. Іші де өтеді, құсады да. Қайнатып, сүзіп береміз. Қазір енді өзімнің үйіме фильтр қойып алдым. Ай сайын оған ақша төлеп жатырмыз.
3 жыл бұрын қаланың осы бөлігіне су тарту мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Былтыр құрылысқа қажетті 860 миллион теңге бөлініпті. Мердігер мекеме де анықталған. Бірақ құрылыс жұмыстары басталар кезде жеңімпаз компанияның порталға жұмыс өтілі мен техникалары жайында жалған құжат жүктегені белгілі болды. Сондықтан тендерге қатысқан өзге құрылыс мекемесі жеңімпазды сотқа берген. Салдарынан жоба басталмай жатып тоқтады.
Жарқынбек Шоғалов, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының м. а.:
- Бірінші соттың да, екінші соттың да шешімі сол екінші компаниянікін дұрыс деп шығарып отыр. Алайда «Сауда-сервис» ЖШС жоғарғы сотқа жүгінді. Ағымдағы жылдың наурыз айында, біз ойлап отырмыз, ол шешімін табу керек бір жақты. 2025 жылы Қайнар, Мичуринец, Ақжол елді мекендері, жалпы ол жерде 12 көше, 5 бұрылыс пен жалпы ұзындығы 67,7 километрді құрайды. Біз жұмысты толығымен аяқтаймыз деген жоспарымыз бар.
«Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы кері қайтпады, әлі де басқарма шотында тұр», – дейді жауаптылар. Сондықтан жоғарғы соттың шешімі шықса, құрылыс жұмыстары лезде басталмақ. Жалпы бүгінде облыс орталығы 95% таза ауызсумен қамтылған.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә.