Сақ болыңыз! Желідегі суреттерді бөтендер тиімді қолданады

Желіге жариялаған суреті арқылы адамдардың құпиясын біліп алуға болады. Бұл ешқандай да сиқыр емес. Цифрлық технологиялар беріп отырған мүмкіндік. Тіпті ол үшін хакер болудың да керегі жоқ. Ашық ақпарат көздерін пайдалана алсаңыз жеткілікті. Қазір бұл деректерді тыңшылар, тергеушілер, арнайы қызмет өкілдері, тіпті журналистер тиімді қолданады. 

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Мен тым құрығанда жалақымды депозитке саламын. Мен тым құрығанда жұмыстан кейін бірден үйге қайтамын. Мен тым құрығанда жұмысқа күнде кешігіп келмеймін. Дәл осындай трендтердің арқасында қаншама құпия желіге тарап кетті. Ал тәжірибелі хакерге бұл деректердің өзі жеткілікті. Осы ақпараттар арқылы олар сіздің қайда, қашан, не істеп жүргеніңізді анықтап алады.

Бүгінде еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін смартфон қолданады. Күнделікті қаншама ақпарат сол құрылғылар арқылы желіге жүктеліп жатыр. Бұл деректерді ашық жариялаудың қаншалықты қауіпті екенін көпшілік біле бермейді.

Азамат Әмірешев, қала тұрғыны:

- Әлеуметтік желіге мен көп онша қатты мән бермеймін. Фото-видео сала беремін. Бірақ арасында бір белгілеп тұратыным болады. Мысалы, басқа қалаға, шетелге шыққан кезде сол кезде белгілеп тұрамын өзімнің қай жерде жүргенімді, достарымды, әріптестерімді жұмыста, мысалы. Көп сала бермеймін бірақ. Аз саламын мен.

Ал көпжылдық тәжірибесі бар медиа маман Салтанат Әскербекқызы бұл деректердің өзі тұнып тұрған ақпарат көзі екенін айтады. Адамның желіге жариялаған суреттері арқылы көптеген мәлімет білуге болады.

Салтанат Әскербекқызы, медиасарапшы:

- Біздің әрбір фотоға түскеніміз, киген киіміміз, қай жерде не ішкеніміз, былайша айтқанда, бүкіл тұрмысымыз – ол ақпарат. Біз туралы ақпарат. Сол себепті нақты туған жылыңыз, куәлігіңіздің нөмірі, ұялы телефоныңыз деген сияқты ақпаратты былай қойғанда, фактчектің заңына сәйкес фотодағы қай жерде түсті, қай ғимараттың жанында түсті деген барлау жұмысы арқылы, фактчек арқылы кез келген адамды тауып алуға болады. Кез келген әлемнің нүктесінен тауып алуға болады.

Ол қиын емес. Мәселен, өзімнің әскери қызметте жүрген кезімдегі фотомды желіге жарияладым делік. Менің қайда жүргенімді білу үшін суретті іздеу жүйелеріне жүктеу керек. Сонда алгоритмдер арттағы ғимараттарға немесе табиғатқа ұқсас суреттерді ұсынады. Тіпті шағын детальдар да мекенжайды анықтауға көмектеседі. Ал менің жағдайымда ғаламтор бірнеше секунд ішінде Астанадағы әскери музейдің алдында тұрғанымды тауып берді. Ал суретте жеке деректеріңіз көрініп қалса, құпияңыз шашылды дей беріңіз.

Жансерік Тілеухан, зерттеуші журналист:

- Қазір бізде сайттар көп. Оның басында қандай кредиті бар, қандай мүлікке иелік етеді, қандай салық төлейді, қай жерлерде болды, мысалы, шығуға тыйым бар ма? Соттылық ісі болды ма, мысалы. Бір ғана ИИН-нің өзінен ол адам туралы барлығын білуге болады.

Мұндай деректерді қолына түсірген хакер сіздің кез келген желідегі аккаунтыңызды бұзып кіруі мүмкін. Сондықтан сарапшылар сақтық ережелерін ұстануға кеңес береді.

Гүлдана Жұматай, ақпараттық қауіпсіздік маманы:

- Бірінші кезекте әр сервисте әртүрлі құпия сөзді пайдалануымыз керек. Кемінде 10-15 минут бөліп, күнделікті қолданып жүрген сервистердегі құпия сөздерді жаңартқан жөн және сонымен қоса барлық қолданып жүрген сервистерде бірнеше факторлы аудентификацияны орнату, әрдайым оқыған ақпаратты сыни тұрғыда қабылдау. Яғни көріп, оқып жатқан нәрселердің барлығы шындық емес түсініп, өзің сол шындыққа жету.

«Сонымен қатар ашық Wi-Fi желілеріне қосылмау керек», – дейді мамандар. Өйткені ол арқылы сіздің қандай сайттарға кіргеніңізді біліп алуға мүмкіндік бар. Бұның өзі хакерлерге сіздің қызығушылығыңыз туралы ақпарат береді.

Қазақтар: «Қауіпсіздік ережелерін сақта», – деп айтпайды. Қазақтар: «Сақтықта қорлық жоқ», – дейді. Сондықтан деректерді желіге жүктер алдында мұқият болған дұрыс.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Берік Шарав, Бағдат Қайыркен.