Мәжілісте Астана және республикалық маңызы бар қалалардың мәселелері қаралады

Енді бір пәтерге ондаған адамды тіркеуге тыйым салынады. Яғни азаматтарды тұрғылықты және уақытша мекенжай бойынша тіркеуге қатысты заңнамаға өзгерістер енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды 24kz.

Қарапайым сөзбен айтқанда, «резеңкелі пәтерлер» жойылатын болады. Ертең Мәжіліс депутаттары Астана және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту бойынша заңның жобасын қарастырады. Бірқатар мәселе бойынша баяндама тыңдалады.

Былтыр Астанада ондаған азамат тіркелген 30-дан астам пәтер анықталған. Иелеріне салынған айппұл көлемі миллион теңгеден асады. Ал 35 шаршы метрлік пәтеріне 600-ден астам тұрғынды тіркеген азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қолданыстағы заңның осалдығынан, салада тәртіп жоқ. Бұл түйткілді шешу үшін құжатқа бірқатар өзгеріс енгізілмек.

Болатбек Нажметдинұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Айыппұл өзгертілмейді деп ойлаймыз. Барлық тіркеулер қазір электрондық түрде ғой. Ол бөтен адамдарды тіркемеудің жолы. Мысалы пәтердің иесіне туыстары, жақын туыстары, жанұя мүшелерін ғана тіркейсің. Ал қалғандарын болмайды. Өйткені бұл қаланың бюджеті, инфрақұрылымы. Сондықтан осындай бір тетіктерді орнатып жатырмыз.

Процесстерді бақылап, тиісті ережені бекіту жергілікті мәслихаттардың қарауына берілмек. Осылайша, олардың құзыретін арттыру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, жер мәселелері де аса өзекті. Кейбір азаматтар кәсіпкерлік мақсатта осыдан бірнеше жыл бұрын жер телімдерін сатып алып, оны тиісінше игермеген. Қаралатын заң жобасына сәйкес, енді бос жатқан аумақ аукцион арқылы сатылуға тиіс. Саудадан түскен қаржының аз бөлігі сол жердің бұрынғы иесіне беріледі, қалғаны мемлекет бюджетіне өтеді. Ал кезінде жалға алып, игерілмеген телім қала игілігіне берілуі керек.

Болатбек Нажметдинұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Кезінде 10-20 жыл бұрын алып қойған кәсіпкерлікке арналған жерлерін игеремін деп міндеттеме алып, осы күнге дейін міндетін орындамай жатыр. Не істеу керек? Оны орындату керек, өйткені оның бәріне түгел инфрақұрылым жеткізіп қойған.

Қазақта «Ауылын көріп, азаматын танисың» деген жақсы тәмсіл бар. Демек, республикалық маңызы бар қалалардың сыртқы келбеті өзіне сай болуы керек. Ұсынылатын заң жобасында Астананың дизайн-кодын енгізу мәселесі де қаралады. Ол әдемі нысандар мен жасыл саябақтар ғана емес, сол жерлердегі орынсыз сурет пен аудиожарнамаларға тыйым салу мәселесін қарастырады. Қазіргі таңда тек Алматы қаласының дизайн-коды іске асып жатыр.

Бауыржан Омарбеков, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

- Сырттан қонақ келгенде де, жалпы ел азаматтары тұрғанда да ыңғайлы, әсем, көркем орта қалыптастыруымыз қажет. Сол себепті жарнамалардың бірізділігі, сыртқы ғимараттардың архитектуралық тұрғыда бір стильде болуы, жол көрсеткіш-нұсқағыштардың бәрі бір стильде болуын қамтамасыз ету, яғни, алдағы уақытта қала әкімдігі мен қала мәслихаты бірге отырып дайындайды, бекітетін болады.

Қаралатын заңның жобасы мұнымен шектелмейді. Ертең Мәжілісте инфрақұрылымның қолжетімділігі, Астананың жасыл белдеуін сақтау, айыппұл автотұрағы секілді тағы бірқатар мәселе қаралатын болады.

Авторлары: Альмира Оразбай, Марат Диханбаев