Елімізде тұрмыстық жанжал саны едәуір төмендеген
Қоғамда отбасылық тұрмыстық жанжалдардың саны едәуір төмендеген.
Өткен жылдың өзінде полицияға түскен қоңыраулар саны 18 пайызға кеміген. Әйелге қол көтеру бойынша деректер 67 пайызға азайған. Бұл былтыр қабылданған әйел құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңнаманың нәтижесі дейді мамандар. Тұрмыстық кикілжіңдерден түрлі қиындықтарға ұшыраған нәзік жандыларға қолдау шаралары да назардан тыс қалған емес.
Дағдарыс орталықтары тағдыр тауқыметін тартқан әйелдерге әлеуметтік көмек көрсетеді
Бүлдіршінін ойнатып отырған 20 жасар бойжеткен жарты ай бұрын бас қаладағы дағдарыс орталығын паналауға мәжбүр болған. Ащы суға құмар бұрынғы күйеуі қол көтеріп, зәбір көрсеткен.
«Бұрынғы күйеуімнен қорлық көрген соң ажырасып кеткен болатынмын. Ол маған қол көтерді. Сосын екі кішкентай баламмен қорғаныш іздеп осында келдім. Өйткені бұрынғы күйеуім әлі күнге дейін хабарласып, қорқытады. Мұнда келіп, көңілім жай тапты. Үлкен баламның дамуы тежеп, дәрігерлер бізді аутизм орталығына кезекке қойды. Кезегіміз жетсе, баламды емдеп шығамын. Орталықтан шыққан соң жұмысқа тұрсам деп жоспарлап отырмын».
Орталықта Диана сынды тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған 20-ға жуық келіншекке әлеуметтік құқықтық, психологиялық, экономикалық, педагогикалық және медициналық көмек көрсетіледі.
Әмина Байтешова, дағдарыс орталығының әлеуметтік қызметкері:
«2024 жылы 228 қызмет алушы түссе, биыл 1-қаңтардан бастап 47 қызмет алушы түсті. Оның ішінде 16-сы әйел, 31-і бала. Зорлық-зомбылық көрген адам күйзеліспен түседі. Біз оларды қабылдаған кезде бірден қағазға жүгініп, олардың мазасын алмаймыз. Есін жинап, психологиялық әңгімелесу арқылы сөйлесеміз. Жағдайын жасап береміз, балаларын тыныштандырамыз».
Әсел Асылбекова, дағдарыс орталығының психологы:
«Қорқыныш болады, ашу болады, өзін өзі кінәлау, өзін төмен санау болады. Сол бағытта біз жұмыс жасай бастаймыз әйелдермен де, балалармен де бөлек. Балалар отбасында болған жағдайдың куәгері болғандықтан, балаларға да психологиялық көмек қажет болады. Әр түрлі методика қолданамыз: арт терапия, гештальт терапия деген секілді, құм терапиясы».
«Осында келгенімізге 6 ай болды. Бұл жақта бүкіл услугаларды алып жатырмыз...»
Әйел құқының қорғалуы демократиялық құқықтық мемлекеттің негізгі тетіктерінің бірі.
Бұл бағытта Қазақстан 1998 жылы 29 маусымда Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияға қосылды. БҰҰ-ның «Әйелдердің саяси құқықтары туралы» және «Тұрмыстағы әйелдердің азаматтығы туралы» конвенциялары да ратификацияланды. Бұған қоса 2009 жылы «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» Заң қабылданды.
Қазір де әйел құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.
Ақмарал Серікбаева, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес басқармасының бастығы:
«2024 жылы Президент тапсырмасымен, депутаттардың бастамасымен әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң қабылданып, 15 сәуірде президент қол қойды. Әрине заң қатаңдағаннан кейін біршама өзгерістер бар. Отбасылық тұрмыстық қатынастар саласындағы ауыр қылмыстардың саны. 2023 жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға азайды. Кісі өлтіру 7 пайызға азайды. Ауыр дене жарақатын келтіру 37 пайызға азайды. Орташа ауыр дене жарақатын келтіру 67 пайызға азайды.»
Отбасылық тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 2023 жылдың шілдесінен бастап құқық бұзушылықты тіркеу арыз беруден анықтау сипатына өтті. Яғни бұған дейін заң бұзушыны жауапқа тарту үшін міндетті түрде жәбірленуші арызы талап етілсе, қазір арызсыз-ақ шешіледі.
Отбасылық тұрмыстық қатынастар саласындағы ауыр қылмыстардың саны 2,5 пайызға азайған
Ақмарал Серікбаева, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес басқармасының бастығы:
«Куәгерлердің айғақтары бойынша бейнекамераларға түсірілген айғақтар бойынша немесе БАҚ құралдары немесе интернет желісінде жарияланған ақпараттар бойынша немесе кез келген бейнекамералар полиция қызметкерлерінің бейнетіркегішіне түсірілген айғақтармен бірден факт бойынша, әкімшілік іс қозғалып, сотқа жіберіледі және соңғы шешімді сот қабылдайды».
Осының арқасында полицияға келіп түскен хабарламалардың 90 пайыздан астамында құқықтық шара қолданылып, былтыр отбасылық тұрмыстық қатынастар бойынша 108 мың азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Назым Қайрат, Мұрат Әріпханов, Гүлнар Ерманова