Қазақстанда креативті индустрияны дамыту қоры құрылады

Елде 2029 жылға дейін жалпы ішкі өнімдегі креативті индустрияның үлесі 2%-ке жетеді.

Бұл туралы Үкімет отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді. Ведомство басшысының айтуынша, жыл сайын саланың тізгінін ұстаушылар қатары 5%-ке артып, дайын өнімді нарыққа шығару жеңілдейді. Сондай-ақ шеттен инвестиция тартуға мүмкіндік туады.

Назерке Тоқжан, тілші:

- Өнерлі жандарды тоғыстырған креативті хаб Ұлытау облысында орналасқан. Шығармашылыққа бейімі бар кез келген адам осында келіп, сүйікті ісімен айналыса алады. Аумағы 400 шаршы метрлік ғимаратта дарынды азаматтар үшін барлық жағдай жасалған. Олардың талантын шыңдап, өнерін насихаттау үшін арнайы жоспар түзілген.

Динара Сейітжаппарова, қолөнер шебері:

- Қазіргі таңда балаларға арналған киімдерді ақырындап тігіп жүрмін. Негізі өзімнің өзімнің қызығушылығым, хоббиім деп айтуға болады. Үлкен көмек бізге. Біріншіден, біздің өнімімізді елге, халыққа көрсету, насихаттау. Тігіліп қойған заттарымызды көрмеге қойып, сату басты мақсаты.

Қазір ел бойынша дәл осындай 12 хаб жұмыс істеп тұр. Алайда мәдени өнеркәсіпті дамыту үшін бұл аздық етеді.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева: «Мұндай орталықтар жаңа саланың негізі болуға тиіс», - деді. Бұл жайында Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бар.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Жергілікті атқарушы органдарды креативті индустрияны дамыту бойынша құзыретін арттыру. Бұл норма ел өңірлерінде креативті хабтар құру және дамыту мақсатында қабылданды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес креативті орталықтар тек Астана мен Алматыда ғана емес, барлық облыс орталықтары мен ірі қалаларда ашылуға тиіс. Бүгінгі таңда республика бойынша 12 креативті хаб ашылды. Алайда Ақмола, Алматы, Жетісу, Ұлытау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында бұл жұмыс әлі аяқталған жоқ.

Инновация мен шығармашылық ұштасқан креативті индустрия әлемнің бірнеше елінде табыс көзіне айналған. Бұл көштен Қазақстан да қалыс қалмақ емес. Елімізде былтырдан бері зияткерлік меншік иелерін қолдау шаралары күшейді. Үкімет қаулысымен 40-тан астам қызмет түрі жеңілдетілген салық режиміне көшті. Соның нәтижесінде жыл ішінде салаға бет бұрушылар 15%-ке артып, 45 мың адамнан асты. Бұл көрсеткіш әлі еселене түсуі мүмкін. Себебі елде алғаш рет креативті индустрияны дамыту қоры құрылады. Ол негізгі 4 бағыт бойынша жұмыс істейді. Атап айтсақ, таланттарды анықтау, инфрақұрылымдар салу, жобаларды қолдау мен өнімді экспортқа шығару.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Еліміздегі креативті индустрияларды дамыту қорының бюджеті Ұлттық лоторея операторы қызметінен бөлінеті 3% аударым есебінен қаржыландырылады. Қор қызметінің маңызды бағыттарының бірі – креавтивті индустрияның венчурлық инвестицияларын дамыту. Осыған байланысты АХҚО базасында басқарушы компаниялардың базасын тарта отырып, жедел және қайтарымды негізде ақшалай қаражатты тиімді орналастыруға мүмкіндік беретін венчурлық бөлімше құрылады.

Жиында қазақстандық кино өндірісінің келешегі қаузалды. Сарапшы Александр Аксютиц отандық телеөнімге шетелдік компаниялардан сұраныс жоғары екенін айтады. Әсіресе, Қазақстанда сериал түсіруді қалайтындар табылады. «Бірақ білікті кадрдың болмауы қолбайлау», - дейді ол. Сондықтан сырттан тәжірибесі мол мамандарды тарта отырып, білім бағдарламасын әзірлеу ұсынылды. Бұл бастаманы Үкімет басшысы Олжас Бектенов қолдады.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында креавтивті индустрияны дамытуды қолдау шараларының топтамасын әзірлеуді тапсырған болатын. Іске асырылған шаралардың нәтижесінде 2019 жылдан бері еліміздегі креативті экономика 3 еседен астам өсті. Былтыр компьютерлік ойындарды әзірлеу саласы жалпы қосылған құнға шамамен 460 млрд теңге қомақты үлес қосты. Қазақстандық кино өндірісі былтыр 58%-ке өсті. Шетелдік және отандық картиналдардан түсетін алым теңесті. Құрылтайда Мемлекет басшысы түсіріліп жатқан фильмдер мен сериалдарға ерекше мән беруді тапсырды.

Ал саланы цифрландыру бағытында «е-Кино» бірыңғай ақпараттық жүйесі іске қосылды. Ол әзірге сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Арнайы платформа киноиндустриядағы ашықтықты қамтасыз етіп, кассалық түсімдерді әділ бөлуге бағытталған. Премьер-министр көлеңкелі бизнеспен күресудің тиімді тетігі болған жүйені жаппай қолданысқа енгізуді тапсырды.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Мадияр Қындыбаев