Сарапшылар: Авиаотын бағасын реттеу – ішкі рейс бағасын төмендетудің кілті

Әуе отынының бәсекеге қабілетті бағасын қалыптастыру қажет. Сонда транзиттік әлеует артып, ішкі рейстерде баға реттеледі, деп хабарлайды 24kz.

Парламентте осы бағытты салықтық реттеу жайында ұсыныс айтылды. Алайда, сарапшылар бұны асығыстық деп отыр. «Алдымен елдегі керосин өндірісін жолға қою керек», - деп есептейді олар.

Қармақ салып, балықты қарпып ала берсе, көлде не қалады? Салық та солай. Саралап салмаса, халыққа салмақ болады. Депутат Елнұр Бейсенбаев әуе хабын дамытудың бір тетігі тікелей қосылған құн салығына қатысты деп санайды.

Ол елдің Еуразия жүрегінде орналасқанымен қан айналымын қамти алмай отырғанын айтты. Егер сол жағы реттелсе, ұшақ билетінің бағасы арзандап, жүк ағыны артар еді.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Авиаотынның бәсекеге қабілетті бағасын қамтамасыз ету керек. Авиатасымал саласында ішкі рейстердің бағасын төмендету үшін транзиттік рейстерге жанармайға қосылған құн салығын қайтару қажет. Импортталатын авиаотынды салықтан босату керек. Бұл – ел экономикасын дамытудың нақты жолдарының бірі.

Ұсыныс орынды. «Тек қазіргі ақиқатқа сай көңілге қонымды емес», - дейді сала сарапшылары. Себебі мұнайлы ел әуе отынына мұқтаж. Жылдағы тапшылық – 300 мың тонна.

Айбар Олжай, сарапшы:

- Авиахаб ауадай қажет, оның ішінде жолаушылар хабы және жүк хабы. Себебі Алматы, Астана, Қарағанды да осыған тиісті инфрақұрылымды жасап, оған көлемді инвестиция салдық. Екіншіден, бізге басқа авиахабтарға қарағанда арзан отын керек. Осы бойынша бізде проблема. Себебі, «Қазмұнайгаз» ондай авиаотынды шығара алмайды. Мұндай авиаотынды тек қана Қытай алады, арнайы арзан отын жасап бере алады. Сондықтан сырттан алып отырмыз. Осы себепті бәсекелестерге қарағанда керемет бір бағасында айырмашылық жоқ.

Керосиннің кемдігінен өзге елдердің әуежайларымен бәсеке бәсеңдеу. Жанармайдың жетіспеуі мен бағасының қымбаттығы транзиттік компанияларды тарту мен қызмет көрсетуге кедергі. Ал, елдегі мұнай өңдеу зауыттары әуе отынын қажет көлемде қамти алмай отыр. Егер ішкі нарықты жарылқап, импортқа тәуелділікті жою үшін жылына 1 млн тонна керосин өндіру керек.

Абыл Кекілбаев, авиация сарапшысы:

- Транзиттік компанияларға ҚҚС-ты қайтару ішкі рейс, транзитті арттырады. Нәтижесінде елдің транзиттік хаб ретінде тартымдылығы өседі. Бұл шешім уақытша шара ретінде ұтымды болуы мүмкін. Егер ішкі өндіріс тұрақсыз болса, салықсыз импорт бағасын қалыптастыруға сақ болу керек.

Ішкі өндірушілер үшін де тең емес жағдай туғызуы мүмкін. Сондықтан бұндай қадамды отандық өндірісті ынталандырумен қатар қарастыру керек.

Сарапшы Серік Мұтыбаев тың ой айтты. Шикізаттың бағасы мен көлемін соның иесі белгілейді. Мұнай өңдеу зауыттары бөлінген квотаға қарай өңдейді. Одан қала делдалдар тағы бар.

Серік Мұхтыбаев, тәуелсіз авиация сарапшысы:

- Авиаотынмен қамту – ішкі ұшулар үшін ғана маңызды емес. Транзиттік әлеуетті көтеруде де ерекше рөлге ие. Мемлекет басшысы әуе хабтарын дамытуды тапсырды. Бірақ жанармайдың көлемі мен бағасын реттемей оны орындау қиын.

Демек, бізге бірінші кезекте әуежайлардың экономикалық моделін қайта қарау қажет. Ал, авиаотынның бәсекелестік бағасын қалыптастыру қазіргі жағдайда мүмкін емес. Керісінше, әуежай тарифі нарықта реттелуі тиіс. Ол қазір қоғамдық маңызға ие. Яғни, газ және жарықпен қамту сияқты. Бірақ қайсысын халық көп тұтынады? Міне, түйткіл. Демек аражігін ашып алу керек. Сондықтан қазіргідей құзырлы органдар араласпай, баға сұраныс пен ұсынысқа қарайқалыптасқаны дұрыс.

Нысаналы Ығыл, тілші:

- Әйтсе де, әуе хабтарын дамыту маңызды міндет боп қала береді. Былтыр әуе кеңістігімен 150 мың тоннадай жүк тасымалданған. Президент соны 2028 жылға қарай екі еселеуді тапсырды.

Авторы: Нысаналы Ығыл