Қазақстандық нейропсихологтар шетелде білім алып жүр
Қазақстанда нейропсихологтарды даярлайтын оқу орыны жоқ. Мұндай мамандықты меңгергісі келгендер білім іздеп шетелге сабылады. Себебі елде осы мамандық бойынша білім беретін оқу орындары жоқтың қасы.
Астаналық Жәмиля Иманбай осыдан екі ай бұрын балалары үшін қаладан нейропсихолог маман іздеп сабылғанын айтады. Ұлы «қит еткен» дүниеге ашуланып шыға келсе, қызының физикалық дамуы кешеуілдеп алаң болған. Балаларының дамуындағы кідірісті - нейропсихологтың кеңесімен емдемек болып, елордадан бір ғана маман тапқан. Алайда оның қабылдауына айлап кезекте тұруға тура келген.
Жәмила Иманбай, қала тұрғыны:
- Мен өз балаларым үшін нейропсихолог іздегенде ғана бұл маманның елімізде өте тапшы екенін білдім. Астанадағы бір ғана маманға елдің әр түкпірінен келетіндер бар екен. Балалы ана үшін өте қажет мамандық. Мен бір ғана кеңес алып, мәселемнің түп-тамырына дейін толық жіліктеп тарқатып берді. Яғни балаларымның кеш дамуы мен өзін ұстауын қалай жеңетінімізді білдім.
Елімізде дәл осы нейропсихологтарды оқытатын оқу ошағы жоқ. Тек бір айлық курс өткізіп, сертификат беретіндер бар. Ал астаналық Сандра Степанова осы саланы меңгеру үшін 8 жыл шет елде білім алған. Қазір емделушілері күн құрғатпай келіп тұрады. Тіпті тамыз айына дейін жазылып қойғандар бар.
Сандра Степанова, нейропсихолог:
- Қазір нейропсихологтарға деген сұраныс өте жоғары. Бұл шын мәнінде педагогикалық мамандық. Сондықтан біз ешқандай медициналық құралды да дәрі-дәрмекті де қолданбай емдейміз. Бізді көбінесе дәрігер деп қабылдайды. Бірақ бізді сананы емдейтін тәрбиеші деген дұрысырақ болады.
Нейропсихолог маман бүгінде өзіне мектепке дейінгі әрбір екінші бала жүгінетінін айтады. Себебі 3 жаста тілі шықпағай шүлдірлейтін балғындар көбейіп кеткен. «Өзге де мәселесін айтып келетін ата-ана аз емес»,- дейді.
Ал елімізде «Нейропсихология курсы ашыла ма?» деген сауалымызға салалық министрліктен жауап болмады.
Жұлдыз Мұқашева, ҚР ОАМ Инклюзивті және арнайы білім департаментінің бас сарапшысы:
- Қазір елімізде ерекше білімді қажет ететін 235 мың бала бар. Әсіресе Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстарында және Астана қаласында көп. Балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту 85 пайызға жетті. Білім беруді дамытудың 2023-29 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында арнайы шаралар қабылданып жатыр. Яғни арнайы білім беру ұйымдарының желісі ұлғаюда.
Айта кетерлігі, биыл арнайы білім беру саласында сұранысқа ие жаңа мамандықтар пайда болды. Олардың бәрі білім алу мен психикалық қиындыққа тап болған балалармен жұмыс істеуге бейім.