Түркістан облысында қырыққабаттың алғашқы өнімі экспортталды

Жетісайда қырыққабат пісті. Өңір диқандары көкөністің алғашқы 100 тоннасын Ресейге жөнелтті.

Биыл өңірде ерте пісетін дақылдар қанша аумақты алып жатыр? Ауқымы қандай? Қанша өнім алу жоспары бар? 

Ералиев ауылдық округінің тұрғыны Нұрлыбек Жайынбаев ырзық-несібесін диқаншылықтан тапқан шаруа. Ақпан айында бір гектарға қырыққабаттың ерте пісетін «Магнус» сортын еккен. Қазір дайын өнімнің әр келісін 250 теңгеден саудалап жатыр.

Нұрлыбек Жайынбаев, диқан:

- Жаман емес, диқаншылығымыздың берекесін берсін. Елмен бірге істеп жатымыз. Жылда тамшылатып суару әдісімен егемін. Биыл өзгеше күн жылы болды. Содан жақсы шықты. Былтырлар қар жауып, сәл мұздақ алып, гүлдеген жылы болды. Биыл жаман емес, күніне жұмысшылар 8 мыңнан істеп жатыр. Алушылар жылда алып жүрген жігіттер, таныс болып қалған.

Шаруа келесі аптада «Зарисма» орамжапырағын жинауды жоспарлап отыр.  Жалпы биыл жетісайлық диқандар мыңнан астам гектар аумаққа қырыққабат дақылын еккен. Одан 30 мың тоннаға жуық өнім алуды көздейді. Өнімді сатып алушылар алқап басынан тиеп алуда.

Руслан Мұсаев, кәсіпкер:

- Міне, Жетісайдағы ашық алқапқа келдік. Жақсы, таза, түйіні де әдемі. Ресейдің Пермь деген қаласына жіберіп жатырмыз. Әр өңірде алушыларымыз бар. Питерде бар, Мәскеуде бар. Сонымен қатар Самара мен Белоруссияға да жібереміз. Сарыағаштан да аламыз. Сарыағаштың жылыжайын бітірдік, жақсы сұраныс болып жатыр.

Биыл облыс бойынша ауылшаруашылығы дақылдары 896 мың гектарға егіледі. Оның жарты миллионға жуығы жаздық дақылдар. Алдағы 3 айда көкөніс, бақша дақылдарынан 460 мың тонна өнім алынбақ.

Ақтөре Түймебек, Ауылшаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Атап айтқанда картоптан 186 мың тонна, қырыққабаттан 213 мың тонна, пияз 27 мың тонна, сәбізден 30 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Аталған өнімдер облыс халқының қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Қалған бөлігі басқа өңірлерге жөнелтіледі. Көкөніс, бақша дақылдарын еккен шаруаларға жеңілдетілген жанар-жағармайдан қолдау көрсетіледі. Отандық тыңайтқыштарға 60%, шетелдік тыңайтқыштарға 50% қолдау көрсетіледі.    

Бұдан бөлек, су үнемдеу технологиясын енгізген шаруалар шығынының 80%-н мемлекет субсидиялап береді. Сонымен қатар көлемі мың тоннадан жоғары көкөніс сақтау қоймасын салғандардың инвестициялық шығыны өтеледі.