Түрі басқа болғанымен тілегі бір
Ақмола облысында мемлекеттік тілді меңгеріп, салт-дәстүрін сіңірген өзге ұлт өкілдері көбейіп келеді.
Олардың бірі қазақпен құдандалы болса, енді бірі дос-бауыр боп кеткен. Ұлттық мерекелерді бірге тойлап, қайғы мен қуанышта өзара қолдау танытады. Түрі басқа болғанымен тілегі бір.
Көкшетаулық Сергей Нестердің бұл күні екі есімі бар. Оны жақындары мен достары Сабыржан деп атайды. Ол да осы атқа әбден үйреніп қалған. Себебі Сергей бала кезінен мемлекеттік тілді меңгеріп, қазақи ортада өскен.
Сергей Нестер, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Қазақтың мақалы бар ғой «Біреудің тілін біле біл, өз тілінді құрметтей біл» дейді. Сол сияқты біз бүкіл тілді жаттап, білсек ол жаман болмайды. Бірақ өз тілінді құрметтей білу керекпіз. Бір елде тұрғасын бір-біріміздің тілімізді білгеніміз дұрыс болады. Сонда сәлемімізде дұрыс болады.
Сергей қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын жоғары бағалайды. Әсіресе жыр, термелер тыңдап, айтысты жақсы көреді. Қазақтың маңдай алды ақындарын жатқа біледі. Қазір домбыра шертуді үйреніп жүр.
Мынау еркем, еркем, еркем-ай деген ән ғой. Соны ақырын үйреніп жүрмін. Мынау екінші сабақ. Әлі дұрыс қолым үйренбеді. Әлі бармақ келмейді. Ал қолындағы домбыраны қаладағы қоқыс жәшіктерінің бірінен тауып алған.
Сергей Нестер, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Осы домбыраны мына жері жарылып, сынып кеткен. Міне, көріп тұрсыз ғой жабыстырған жерлерді. Мына жағы былай айырылып қалған. Соның барлығын жабыстырып, қатырып, мынадай ғып жинап алдым. Анара жолдасым айтады неге домбыраға бармайсың деп? Содан кейін қазір ақырын бара бастадым.
Қазақтардың ортасында өскен ол болашақ жарын да қазақтан таңдапты. Зайыбы Анар екеуінің шаңырақ көтергендеріне 20 жылға жуықтапты. Қазір олар 3 бала тәрбиелеп отыр.
Анар Жүсіпова, Сергей Нестердің зайыбы:
- Сергей, Сабыржанның түрі орыс болғанымен жаны қазақ. Мысалы, қонақ келген кезде бірден қуанып кетеді де ет асады. Онда бүкіл мүшелерін салып, дайындап, кәдімгі қазақтар сияқты бүкіл дәстүрлерін жасап, қадағалайды.
Сергей әлеуметтік желіде де белсенді. Қазіргі таңда 36 мыңнан астам оқырманы бар. Барлығын мемлекеттік тілде жүргізеді. Жалпы аймақта осындай қазақ боп кеткен өзге ұлт өкілдері баршылық. Олар өз мәдениеті мен әдебиетін де ұмытпай, мемлекеттік тіл мен қазақи дәстүрге деген құрметтерін білдіріп келеді.