Мәжілісте су саласын реформалау мәселесі қаралды
Қазақстандықтар дамыған елдерге қарағанда суды 10 есе көбірек тұтынады, деп хабарлайды 24kz.
Экономикада да тіршілік нәрін ұтымсыз пайдалану деңгейі жоғары. Мәселен Ресей, АҚШ және Австралиямен салыстырғанда біз өнім өндіруге 3 есе көп су жұмсаймыз. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында депуттар осылай деп дабыл қақты. Олар суды үнемді тұтынудың жалпыұлттық мәдениетін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстың жоқтығын алға тартты.
Альмира Оразбай, тілші:
- Қазақстандықтар суды ысырап ету бойынша, өкінішке қарай, алдыңғы орында тұр. Бір адам тәулігіне 3,5 мың литр суды пайдаланады. Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев осылай деп, мұны дамыған елдердің көрсеткішімен сәйкес келмейтінін айтты. Бұдан бөлек, вегетациялық кезеңі де бар. Ауыл шаруашылығында су шығыны 60%-ке дейін жетеді.
Ал көршілерімізде мұндай көрсеткіш 2 есе төмен. Мұның негізгі себептерінің бірі – суару технологиясының ескірген әдістерін қолдану. «Бір сөзбен айтқанда, суды үнемді тұтынудың жалпыұлттық мәдениетін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жоқ», - деді депутат.
Серік Егізбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Үкімет суды ысырапсыз тұтыну мәдениетін қалыптастыру мақсатында мектепке дейінгі мекемелерден бастап білім берудің барлық сатыларында ауқымды және жүйелі ақпараттық науқанды жүзеге асыруы қажет. Келесі мәселе. Бізде ауыл шаруашылығында су шығыны 60%-ке дейін жетеді, ал көрші елдерде бұл көрсеткіш екі есе төмен. Соңғы 10 жылда халықаралық қаржы институттары мен республикалық бюджет қаражаты есебінен су шаруашылығы объектілерін жанжақты жаңарту жобаларын жүзеге асыруға 258 млрд теңге бөлінсе, тек 2024 жылы 600 млрд теңге, яғни, екі еседен астам сома көзделді. Осыған қарамастан, әлі айтарлықтай нәтиже жоқ.
Адамзат үшін ауадан кейінгі қажеттілік суда. Онсыз тіршілік тығырыққа тірелуі мүмкін. Су ресурстары және ирригация министрінің сөзіне сүйенсек, қазір салада мәселелердің біршамасы шешілген. Әсіресе, ирригациялық каналдардың жайын айтуға болады. Биыл 6 мың шақырымнан астам каналды жаңғырту міндеті тұр. Бұл бағытта ағымдағы жылы 100-ден астам жобаны жүзеге асыру көзделген. Оның ішіндегі бірқатар жоба елдің 9 аймағындағы халықты таза ауызсумен қамтуға мүмкіндік береді.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Сыйымдылығы 245 миллион текше метрді құрайтын Ақтөбе су қоймасы 120 мың гектар аспалы алаңы бар Қызылорда су торабы, Шымкент қаласындағы Тоғыс су қоймасы жаңғыртылып пайдалануға берілді. Сонымен қатар 6 өңірде – Ақмола, Алматы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында 2 мыңға жуық тұрғыны бар 49 елді мекенді сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге арналған 8 су нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жалпы алғанда өткен жылы Су ресурстары және ирригация министрлігі жалпы құны шамамен 600 миллиард теңгені құрайтын 137 жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізді.
Қазір тіршілік нәрін пайдалану мен оны қорғауға байланысты цифрлық шешімдер де қарастырылған. Бүгінде салада су ресурстарының бірыңғай ақпараттық жүйесі әзірленді. Әзірге ол пилоттық режимде іске асып жатыр. Бұл жұйе елдегі су қоймаларынан тиісті мәліметтер жинауға, суды пайдалану бойынша мониторинг жүргізуге және су тасқынын болжауға мүмкіндік береді.
Нұрбахыт Әбдірасилов, Су ресурстарын ақпараттық-талдау орталығы басқарма төрағасының орынбасары:
- Бүгінгі таңда біз 5 мыңға жуық су нысандарын цифрлық жүйеге қостық. Қазір әрбір нысан үшін бірыңғай карта жасап, әрбір объект үшін кез келген деректерді көруге мүмкіндік беретін цифрлық кодты әзірлеп жатырмыз. Бірыңғай ақпараттық жүйе әзірге тек тестілеу режимінде жүзеге асуда. Алдағы уақытта оны толық іске қосуға ниеттіміз.
Отырыста депутаттар судың «қара нарығы», яғни, заңсыз саудасы туралы да айтып, өңірлердегі «Қазсушар» жұмысын сынға алды. Бұл тұста Министр Нұржан Нұржігітов, келісімшартсыз су алып жүргендердің барын растады. Дегенмен, мұның да жолы кесіліп жатыр.
«Қазір мекеменің осы тұстағы жұмысы электронды форматқа көшірілуде», - деді ол. Жалпы ведомство басшысы саладағы бірқатар мәселенің шешілетінін айтты. Себебі сәуірде Мемлекет басшысының қол қойған жаңа Су кодексі маусым айында күшіне енеді. Бұл құжат тіршілік нәрін қорғау бойынша талаптарды күшейту, шаруалар тарапынан ысырапшылдықты жою секілді проблемалардың алдын алады.
Авторлары: Альмира Оразбай, Мадияр Қындыбаев