Ауыл шаруашылығы мақсатындағы 30 млн гектарға жуық жер тозған

Еліміз топырақтың тозуынан жыл сайын 2 жарым млрд теңге шығынға ұшырап отыр.

Бұл Біріккен ұлттар ұйымының мәліметі. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты жерді зерттеу институты да осыған иланады. Өйткені, жыл сайын млндаған гектарды шарлап, топыраққа зерттеу жүргізеді. Қазір құм құнарлығы 17 пайызға төмендеп, сортаң аумақтар 35 пайызға артқан. Бұлай жалғаса берсе азық-түлік қауіпсіздігі үлкен сынға ұшырайды. Осы ретте Парламент Президенттің тапсырмасымен «топырақты қорғау туралы» заң жобасын қарап жатыр. Барлық проблема сапаға тіреліп тұр ғой. Сонда еліміздің ауыл шаруашылығы мақсатындағы қанша аумақ деградацияға ұшыраған. 

- Жеріміздің 75 пайызы жүдеу. Топырақ тозған. Соның 1 жарым сантиметрін қалыпқа келтіруге 50 жыл керек. Ал ауыл шарушылығын ширатуға 40 сантиметр жер қабаты сау болуы тиіс. Демек, сапаны қайтаруға санаулы өмір жетпейді.

Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Негізі кеңес заманында ғылым жаман жұмыс істеген жоқ қой. Олардың айтуынша Қызылорда, күріш даласын тіпті қысқартуға болмайды. Себебі, ол осылай су басып тұрмаса жердің тозығы шығады да, ертең құмға айналады деген сөз. Дәл осындай жағдай Бақанас ауданында болып жатыр Алматы облысында. 30 мың гектардың жыл сайын 2 есе төмендегенін көріп отырмыз. Шеңгелді массиві бар. Онда да азайып барады. Біз суармалы жерлердің өзін алған кезде. Ал енді суармалы емес, кәдімгі дала жерлері тіпті шашыңыз тік тұрады. 

Рас, түгін тартсаң майы шығатын Мақтаарал ауданында да қазір жағдай мәз емес. Топырақтың сорынан диқандардың да маңдай соры бес елі. Жер емген жүдемес дейтін едік. Енді жерге де, иесіне де жәрдем керек. 

Тәжібай Бекмұрзаев, диқан:

- Диқандар айтып жатыр ғой 10 ц/ден өнім беріп жатыр деп. Бұл совхоздың кезінде 25-30 ц өнім берген жерлер. Ол кезде горизонтальный-вертикальный дренаж деген болады сорды шаятын. Сорды сорып, ағызып жіберетін. Ондайлар жұмыс істейтін, оның бәрі тоқтады. Мына дренаждарды тезірек іске қосу керек. Мынау үйіміздің іргетасы, қабырғаларына дейін тұз шығып кеткен. Соның бәрі тұздың көтерілуінен. 

Жаппарбек Жұмақұлов, диқан:

- 25 жылдан бері мақта егіп келеміз. Жер сорланып кеткен, шаршаған жер. Севооборот болу керек жер, ондай болмаған. 10-ақ пайыз мақта аламыз. Қауын ексек болмайды, жоңышқа ексек те болмайды. Арамшөп басып кетеді.

Халықтың 40 пайызы ауылдарда тұрады. Демек, жұртқа көмек керек. Түйткілдің түйінін тарқату жолы қарастырылып жатыр ма? 

Дұрыс айтасыз. Бірақ ауыл шаруашылығы тауарларының жалпы ішкі өнімге шаққандағы көрсеткіші 5 пайыз. Демек, бәз біреулердің бізді аграрлы ел деуі бекершілік. Бұның бәрі топырақтың тоқырауынан,-дейді депутат Нұржан Әшімбетов. Ол «топырақты қорғау» туралы жаңа заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі. 

Нұржан Әшімбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазір бізде 28 млн га деградацияға ұшырады. Ол өте үлкен көлем. Деградация дегені тек табиғи жағдай емес. Адами фактор, антропогендік фактор дейміз, жерді дұрыстап пайдаланбай құнарлығын азайтып отырмыз. Одан басқа деградация әбден төмендеп, тұздарын шығарып, құммен жауып тастау сондай факторлар бар бізде.

Өсімдік шаруашылығы табиғи тәуекелге байланысты. Ал жайылым жағынан жаһанда 5-орындамыз. Бірақ 29 млн га жер малға жайлы емес. Көбіне тапталған. Елде екі жылдан бері жерді зерттеу институты жұмыс істейді. 

Каналбек Райымбеков, ҚР АШМ Жерді зерттеу институты директорының кеңесшісі:

- Егер мемлекет аумағы 272 млн га болса, соның 180 млн га шөлейтке ұшыраған. Ал, ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылатын 120 млн га түрлі деңгейде деградацияға ұшырап отыр.  Басым көпшілігі жер өңдеушілердің қарабайыр технологияны пайдаланып отыр. Топырақты сақтауға байланысты, өсімдіктерді ауыстыру мәселесі кешеуілдеп отыр.

Елдегі 85 пайыз жер зерттеуден өткен. Осылайша топырақты қорғау туралы заң күшіне енгенде нашар күтіммен қараған иелеріне тоқпақ боп тиеді. 

Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бизнес ретінде айналдырамын десе, негізгі ресурс жер болса оған көзқарасты ол өзгерту керек. Баяғыдай мен алдым 49 жылға. Енді өзім білем деген әңгімені доғару керек. Мен түсінем шаруалардың жағдайы оңай емес. Десе де мемлекет олардың алдына талап қою керек. Жерді алдың ба, біраз уақыттан кейін біз жердің сапасын біз тексереміз. Егер сен жақсы жұмыс істеп жатсаң біз сені қайта ынталандырайық, саған қолғабыс болайық деген саясат енгізу керек. 

Егер топырақты тоздырса қандай жауапкершілік қарастырылған?

Ал егер тоздырса айыппұл салынып, тіпті жерін сот арқылы ғана қайтарып алу қағидалары енгізілмекші. Ауыл шаруашылығы жерін тиімсіз пайдаланса төлем мөлшерлемесін 100 есеге дейін де көтеру көзделген.