Павлодар облысында құжатсыз жүрген 49 адамға көмек көрсетілді

Павлодар облысында жыл сайын жеке басын куәландыратын құжаты жоқ елуге жуық адам анықталады, деп хабарлайды 24kz.

Кейбірі Кеңес Үкіметінен қалған қызыл паспортпен жүрген. Көші-қон қызметі биыл 49 адамға жаңа құжат рәсімдеуге көмектесті.

Жасы елуден асқанда алғаш рет төлқұжат алған Марина тегін айтқысы келмеді. Құжаты түгенделгеннен кейін екі айда тұрақты жұмысқа орналасыпты. Болашақта шетелге шығуды армандайды. «Зейнетақы қоры мен әлеуметтік сақтандыру қорына да аударым уақытылы», - дейді.

Марина, қала тұрғыны:

- Мен құжаттарымды қаңтарда тапсырдым, сәуірде бәрін алып үлгердім. Бұған дейін заңсыз жұмыс істедім. Кафеде, біреулердің үйінде. Бірақ ол күндерім артта қалды. Қазір электронды жүйе арқылы бәрі оңай шешіледі екен. Тиісті мекемелерге сұраныс жіберіп, дайын құжатты қолыма ұстатты. Мен сияқты жүрген адамдар құжаттарын тезірек рәсімдесе екен деймін.

Марина Павлодарда туған. Мектеп бітіргеннен кейін училищеде оқыпты. Алайда 90-жылдары жекеменшік шаруашылықта еңбек етіп жүріп, құжатын жоғалтып алады. «Жаңасын жасатуға мүмкіндігім болмады», - деп отыр.

Марина, қала тұрғыны:

- Бұрын әр анықтама үшін шапқылау керек болатын. Қазір бәрі электронды. Бір жерге сұраныс жіберілді, болды, жеке куәлігімді алып алдым. Тұрақты жұмысым бар, зейнетақы қорына ақша аударылып жатыр. Жалақымды алып, қажет болса, ауруханаға да бара аламын.

Биыл құжатсыз жүрген 50-ге жуық азамат анықталған. Тіпті Кеңес дәуірінен қалған қызыл паспортпен жүргендер бар. Он үш адам азаматтығы жоқ тұлға ретінде танылған. Оларға арнайы куәлік берілді.

Альмира Әбдікәрімова, облыстық көші-қон басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

- Қазір біздің облыста он шақты адамның құжаттары қарастырылуда, заңнамамен белгіленген тәртіпте олар тиісті шешімін алады да, белгілі құжатқа немесе ҚР азаматы немесе азаматтығы жоқ тұлға ретінде танылып, сол құжатқа құжаттанады. Қызыл парпортпен жүргендердің саны 10 жылдағы статистикамен салыстырғанда өте азайды.

Көші-қон қызметі мамандарының айтуынша, құжатсыз жүргендердің көбі әлеуметтік тұрғыдан осал топтағылар. Олар әдетте шалғай елді мекендерде жалдамалы жұмыс істейді. Бұл жерде жұмыс берушінің де жауапкершілігін еске сала кеткен жөн. Себебі құжаты жоқ адам тиісті мемлекеттік көмектен тыс қалады және оның еңбек құқығы да қорғалмайды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков