Шымкент емханаларына ЖИ жүйесі енгізілді

Шымкентте медицина қызметкерлерінің жұмысы жеңілдей түсті. Пилоттық жоба аясында қалалық емханаларға «Цифрлық ассистент» жүйесі енгізілді. Жасанды интеллект науқастарға жылдам диагноз қоюға көмектеседі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елдің денсаулық сақтау саласында цифрлық технологиялар қарқынды түрде енгізіліп жатыр. Ал жасанды интеллект дәрігерді алмастыра ала ма? 

Жалпы тәжірибелік дәрігер Гүлжан Айтөреева кезекті науқасты қабылдап отыр. Медицина маманының үстелінде күнделікті жұмыс құралдары компьютер, фонендоскоп және басқа да қажетті заттар орналасқан. Енді осы қатарға жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін «цифрлық әріптес» қосылды.

Гүлжан Айтөреева, №8 қалалық емхананың жалпы тәжірбиелік дәрігері:

- Қазіргі таңда медицинада цифрлық жүйелендіру мәселесі бойынша бұл оның ішінде соған сәйкес жасанды интеллект бұл дәрігерлердің жұмысына өте ауқымды көмек көрсетуде. Дәрігерлер оны аса кең көлемде қолдануда. Толық диагностикалауға, диагностиканың уақытын тездетуге көмегі зор. Жасанды интеллект арқылы уақыт қысқарып жатыр. 

Дәрігер науқасқа сұрақтар қойып, жинақталған мәліметтерді аталған бағдарламаға енгізеді. Жасанды интеллект көзді ашып-жұмғанша деректерді сараптап, оларды медициналық хаттамалармен салыстырып, ықтимал диагноздар тізімін ұсынады. Алайда нақты әрі соңғы шешімді қабылдау – дәрігердің құзырында.

Нелля Сабденова, №8 емхананың мамандандырылған бөлімшесінің меңгерушісі:

- Дәрігер өз жұмыс орнында болады. Ал жасанды интеллект оның жұмысына қолдау көрсетіп, білімін жетілдіруге мүмкіндік береді. Нәтижесі жақсы. Әрине, клиникалық ойлауды ешбір техника алмастыра алмайды. Науқастың жағдайын саралап, соңғы шешімді бәрібір дәрігер қабылдайды.

Президент тапсырмасына сәйкес денсаулық сақтау саласына цифрлық технологиялар белсенді түрде енгізілуде. Биылдан бастап Қазақстан емханаларында Face ID жүйесі қолданыла бастады. Енді дәрігер қабылдауына келген әрбір науқас өзінің тұлғасын осы жүйе арқылы растайды.

Бақытжан Абдуллаев, Шымкент қаласы, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Face ID — бұл адамдар поликлиникаға жүгінгенде немесе дәрі-дәрмек алған кезде ешқандай жалған есеп болмауы үшін яғни дәрі-дәрмектер нақты адамдарға берілгенін дәлелдеу үшін қолданылады.

Шымкенттік мамандар да медициналық технологияларды дамытуға сүбелі үлес қосып келеді. «Shymkent Hub» орталығында дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, медициналық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған жобалар қарқынды түрде әзірленуде. Сонымен қатар отандық цифрлық жүйелер мен мобильді қосымшалар жасалып жатыр.

Жамшид Арипов, жоба жетекшісі:

- Бұл клиникалар үшін де жалпы пациенттер үшін де тиімді. Тұтастай алғанда, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырып, халықтың денсаулығын жақсартуға сеп болады.

Айта кету керек, Шымкентте жасанды интеллект инсультті диагностикалау үшін қолданылады. Ақылды алгоритм науқасқа төнген қауіпті дер кезінде анықтап, ауыр асқынулардың алдын алуға көмектеседі. Дәрігерлер мен заманауи технологиялардың өзара үйлесімі медициналық қызметтің сапасын арттыруға жағдай жасайды. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Катерина Попкова, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов