Алматыда полигондағы өрт сөндірілді
Алматы облысындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигонында шыққан өрт бір аптадан кейін толық сөндірілді.
Тілсіз жау 15 қыркүйекте тұтанған болатын. Төтенше жағдайлар министрлігі өртті сөндіру күрделі жағдайда жүргізілгенін мәлімдеді. Осыған байланысты Алатау қаласында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай енгізілді. Тілсіз жауды ауыздықтауға Алматы, Шымкент қалалары мен Қарағанды, Жамбыл, Түркістан, Абай және Жетісу облыстарының құтқарушылары тартылды. Оқиға орнында күндіз-түні 150-ден астам техника мен 250-ге жуық маман жұмыс істеді. 1 415 қызметкер және 507 техника жұмылдырылды. Бүгін облыс әкімі өрт сөндіру жұмыстарына қатысқан мамандарға арнайы марапат табыстады. Өзге өңірлерден келген құтқарушылар үйлеріне оралды.
Дәурен Оразбеков, Алматы облысы ТЖД бастығы:
- Тұрмыстық қатты қалдықтар полигонындағы өрт толықтай жойылды. Алматы облысына 7 облыстан қосымша күштер тартылған болатын, инженерлік техникамен бірге, солардың марапаттау рәсімі өтті. Осындай қиын жағдайда барлығымыз жұмыла жұмысты атқардық.