Шымкентте мониторинг тобы тауарлардың бағасын бақылау үшін рейдке шықты

Шымкентте мониторинг тобы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылау үшін рейдке шықты.

Жергілікті билік пен ірі сауда желілері арасында бағаны тұрақты ұстау туралы келісім бар.  Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер де өнімін бекітілген бағамен жеткізуде.  Мысалы, ірі қараның жауырын-төс сүйектері 2850 теңгеден, ал қара еті 4700 теңгеден сатылып жатыр. Жалпы өңірде әлеуметтік маңызы бар тауардың 19 түріне мониторинг жүргізіледі. Бағаны бақылау шарасы апта сайын ұйымдастырылады. Жыл басынан бері бағаны негізсіз көтерген 223 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Оспан Әбиев,  қалалық Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

- Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішінде сиыр етінің бағасын асырғаны үшін 27 субъектке әкімшілік шара қолданылды. Бұдан бөлек, өңірлік комиссия апта сайын тиісті жұмыстар атқарып, мониторинг жүргізіп, ет бойынша ғана емес, 19 тауар өнімдері бойынша тиісті шара қолдану үшін жолдауда.

Жандос Ханиев,  қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

- Қазіргі таңда Шымкент қаласына ет өнімдерінің басым бөлігі Түркістан облысының Қарабұлақ елді мекенінен тасымалданады. Жалпы мынау қалада, сауда орындарында бөлшек нарықтық баға 3800-4000 теңге аралығында саудаланып жатыр.