Көкшетауда Бұқпа тауының бөктері күл-қоқыстан тазартылды
Көкшетауда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Бұқпа тауының бөктері күл-қоқыстан тазартылды.
Көпшілік «Тәуелсіздік» ту тұғырының маңайын абаттандырып, тау басындағы бақылау алаңын да ретке келтірді. Тұрмыстық қалдықтарды жинауға 200-ден астам адам жұмылдырылды. Олардың дені жастар. Әсіресе, қаладағы колледж және университет студенттері ерекше белсенділік танытты. Жастар бір күннің ішінде 12 тоннаға жуық қоқыс жинады.
Мөлдір Жасұланова, студент:
- Осындай акцияларға қатысу өте маңызды. Қоршаған ортаны таза ұстау басты міндетіміз деп білемін. Сондықтан да осындай эко-акцияларға тұрақты түрде қатысып тұруға тырысамыз. Өз қатарластарымды және қала тұрғындарын да игі жобаға белсене қатысып, атсалысуға шақырамын.
Арыстанбек Тасқынбаев, облыстық Экология департаментінің бөлім басшысы:
- 2025 жылдың бірінші жарты жылдығында Ақмола облысы аумағында 463 мыңнан астам адам осы жобаға қатысып, 80 мыңнан астам қоқыс жиналды. Бүгіннен бастап 11 қазанға дейін әр сенбі сайын экологиялық сенбіліктер мен түрлі акциялар өткізілетін болады.