Шымкентте ел абыройын асқақтатқан спортшыларға пәтер мен автокөлік табысталды

Шымкент қаласында спорт саласында ел абыройын асқақтатқан үздік спортшыларға ерекше құрмет көрсетілді, деп хабарлайды 24kz.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мегаполис намысын әлемдік ареналарда қорғап жүрген чемпиондармен арнайы кездесіп, оларды марапаттады. Салтанатты жиында спортшыларға ақшалай сыйлықтар, жаңа автокөліктер және пәтер кілттері табысталды. Игі бастамаға қала кәсіпкерлері демеуші болды.

Шымкентте спорт қаһармандарына ерекше құрмет көрсетілді. Жарқын жеңістері үшін спортшыларға сыйлықтар, пәтерлер мен автокөліктер табыс етілді. Мерекелік марапаттың бел ортасында тарихта алғаш рет Ливерпульде өткен чемпионатта екеуі бірдей әлемдік бокстың алтын тұғырына көтерілген ағайынды Махмұд пен Төрехан Сабырхан да бар.

Махмұд Сабырхан, боксшы:

- Өте қатты қуаныштымыз. Төрехан екеумізге ғана емес, әкемізге де, бапкерімізге де жақсы сыйлықтар берді, көріп жатырсыздар. Осы жерде бізге машина берген, пәтерді берген демеуші ағаларымызға көп рақмет!

Айдархан Сабырхан, әкесі:

- Енді ойлаймын, осыдан кейін жастардың да қызығушылықтары көп болатын шығар деп. Келешекте жаңағы сол, спорт залы кең болса, ауылда балалар көп бокспен айналысып жатқан.

Салтанатты шарада басқа да жетістіктер назардан тыс қалған жоқ. Санжар-Әлі Бегалиев Бангкокта жастар арасында Азия чемпионы атанды. Тоғызқұмалақтан үш дүркін әлем чемпионы Ғалымжан Темірбаев Абайдың 180 жылдығына арналған турнирде көзге түсті. Ал Жұмажан Қожамбеков әскери қызметшілер арасындағы қазақша күрестен чемпионатта үшінші рет өз шеберлігін дәлелдеді.

Ермек Дәрменов, Шымкент қаласы Денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

- Олимпиада ойындары келе жатыр. Балалар да шабыттанып тұр. Негізгі мақсатымыз – алдағы Олимпиада ойындарынан медальмен оралсақ па деп отырмыз.

Оңтүстік Қазақстан өңірі қай кезде де таланттардың ұстаханасы болған. Дәл бүгін де спортшылар арасында алдағы Олимпиадаға лайықты үміткерлер бар. Спорт басқармасындағылар атап өткендей, бұл жеңістерге жету жолында жаттықтырушылардың еңбегі орасан зор.

Авторлары: Серік-Ибраһим Орынбек, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов