Шымкентте алғаш рет өте сирек кездесетін қатерлі дертке операция жасалды

Шымкентте алғаш рет өте сирек кездесетін қатерлі дертке операция жасалды. 37 жастағы әйел кеңіріндегі ісікке байланысты осы күнге дейін тек бір өкпемен тыныс алған.

Алғашында қарапайым тұмау деп ойлаған. Кейін тексеріс барысында сирек кездесетін сырқат түрі екені анықталды. Дәрігерлердің сөзінше, мұндай диагноз бір жылда 2-3 адамда ғана тіркеледі. Күрделі операция 4 сағатқа созылды. Қазір науқастың жағдайы тұрақты. Қаладағы онкологиялық орталық жоғары технологиялық операцияларды енгізу үшін шетелдік әріптестерімен тығыз байланыс орнатқан.

Сәуле Дүйсенбаева, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а:

- Онкологиялық орталықтың жасалып жатқан жұмыстарының нәтижесінде біздің өңірде 5 жылда өмір сүру деңгейі 7 пайызға өсіп отыр. Өлім деңгейі 6 пайызға төмендеп отыр. Сол сияқты біздің орталық әрі қарай өзін дамытып, күрделі оталар жасауға дайын.