Ақмола облысында «Дрондар шайқасы» өтіп жатыр

Абайлаңыз! Астана іргесінде дрондар шайқасы өтіп жатыр. Дәлірек айтсақ, еліміздің күштік құрылымдары өзара ұшқышсыз басқарылатын аппараттармен жарысып, сынға түсуде.

Олар FPV дрондарын басқару арқылы күрделі тапсырмалар орындайды. 

Қазір дрондар дәуірлеп тұрған заман. Оған әлемде болып жатқан әскери қақтығыстар айқын дәлел. Қазақ әскері де кез келген жағдайға дайын болу үшін қазірден дайындалып, бұл саланы дамытып жатыр.

Дрондар сайысына еліміздің күштік құрылымдарынан 14 команда келген. Арасында Мемлекеттік Күзет Қызметі мен Қорғаныс Министрлігінің және Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті мен Ұлттық Ұланның әскери бөлімдері, арнайы жасақ жауынгерлері бар. Олар 4 кезең бойынша сынға түсіп жатыр. 

Қайсар Есенғали,  бас төреші:

- Әскери құрылымдар дрондарын өздері дайындап алып келді. Барлығы FPV дрондары. Қазір FPV дрондары қақрқынды дамып жатқан бағыттардың бірі. 

ҰҚК «А» қызметінің жауынгері:

- Дайындық күрделі деңгейде өтті. Басшылық бізді негізгі қызметтен босатып, қатысушыларға толықтай жаттығуға мүмкіндік берді. Қазір дрондарды игеруге ерекше ден қойып жатырмыз. Сол үшін түрлі курстарға барып, тәжірибемізді арттырып отырамыз.     

Айлап айла іздеп, жылдап жаттыққан жауынгерлер ә дегеннен-ақ, FPV дрондарын оңай басқарып, қашықтан тапсырмалар орындады. Қатысушылар алғашқы кезеңде құрылғыға жарылғыш затты бекітіп, 50 метр биіктіктен жердегі нысаналарды дәлдеді.

МЕМЛЕКЕТТІК КҮЗЕТ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖАУЫНГЕРІ

Мұның салмағы 920 гр. Ұшу жылдамдығы сағатына 35 км жылдамдықпен ұшады. Ең жоғары көтерілу биіктігі 6 км. Ең алысқа ұшу қашықтығы ашық кедергісіз 15-20 км-ге дейін ұшады. Кішкентай ғана мына РГД 5 шабуылдаушы гранатасымен қарсыластың құны млн, млрд тұратын аппаратурасын істен шығаруға болады.

Аслан Жүнжіменов, Мемлекеттік күзет қызметінің жауынгері:

- Жалпы бұл екінші рет өткізіліп жатқан жарыс. Осыған дейін сәуір айында өткізгенбіз. Ол кезде Мемлекеттік Күзет Қызметі фавориттердің болды. Қатысушылардың саны бірінші жарысқа қарағанда көбейді. Бәсекелестік артып келе жатыр және тәжірибелері өте мықты жігіттер де көп.

Дрондар сайысы 2 күнге жоспарланған. Жауынгерлер түнгі уақытта да майдан шебіне шығып, барлау тапсырмаларын орындайды. Сондай-ақ құрылғыларын жоғары жылдамдықпен жерге жақын ұшырып, тар өткелдер мен кедергілерден өткізеді.

Авторлары: Мерей Қанапия, Арман Ақшабаев