Елімізде 450 мыңға жуық лудоман бар

Құмар ойынның құрсауына қармалып, шырғалаңға шырмалғандардың дені ер адамдар. Сөйте тұра, тәуелділік дейтін тажал әйелдерді айналып өтті деуге келмейді, деп хабарлайды 24kz.

Дегенмен, бұл ресми дерек ғана. Бәс тігуге бейіл бұқараның саны одан да көп болуы бек мүмкін.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Құмар ойнаймын деп өмірін ойран еткендердің бірі – Диас Ахметов. Он жыл бойы бәс тігіп, барынан айрылған ол құмарлықтан құтылу үшін бес мәрте емделген екен. Төртеуінде тәуелділікті жеңе алмаған. Ал қазір өзгерді. «Бірді берсең, мыңды аласың» дейтін оңай олжаның жоқ екенін жақсы біледі.

Диас Ахметов:

- Алғашында 500 теңгеден бәс тігіп бастадым. Кейін мың теңге, уақыт өте келе 2-3 млн-дап құмар ойынға жұмсадым. Сомамен қатар мәселелердің де көлемі артты. Қарызға белшемнен баттым. Өзімнің және өзге де емделген адамдардың тәжірибесінен айта аламын. Мұның арты жақсылыққа соқпайды. Сондықтан енді ғана елітіп жүргендер болса, дер кезінде ем алу керек екенін ескерткім келеді.

Иә, құмар ойынның құрығы ұзарды. Бұрындары мұны егде жастағы ер адамдар ғана ермек ететін болса, бүгінде бәс тігу оқушылардың да ортасына жетті. Сәйкесінше, кеселдің салдарымен күресу де қиындап барады. Бір ғана бас қаланың өзінде 10-нан астам қайта бейімдеу орталығы бар. Бұл мекемелер ішімдік, есірткі, ойын тәуелдігіне шалдыққан тентектерді тезге салумен айналысады.

Әсел Жұбанышов, психолог:

- Лудомания мәселесі өте күрделі әрі ауқымды. Ең қиыны – құмар ойынға салынған адаммен қатар оның отбасы мүшелері де зардап шегеді. Кейде оларды жақындары мәжбүрлеп емдеуге әкеледі. Бұл аурудың қаупі – тәуелділер өздерінің көмекке мұқтаж екенін түсінбеуі. Тіпті 100 миллиондап қарызы болса да, олар бәс түгуін доғармайды. Сондағысы жалғыз үміт. Ол кеткен шығынды қайтарып алғысы келеді. Бірақ бұл мүмкін емес.

Мамандар лудамандардың 72%-і жоғары білімді жандар екенін айтып отыр. Сонда құмарлықпен күресуде үшін ақылдың көп болуы аздық етеді, ең алдымен санадағы сенімді түзету керек. Әйтпегенде, сұрап алған аурудың емі жоқ. Ал жиі бәс тігетіндердің көбі құрылыс және өнеркәсіп секторында жұмыс істейді екен. Сондай-ақ қаржы саласында да құмар ойын құрсауында қамалғандар көп. Мемлекеттік қызметкерлер мен жәке кәсіпкерлер де тәуелділікке бейім.

Анна Поздеева, психолог:

- Ойынға тәуелділер кейде психикалық аурудың алғашқы белгілері болады, мысалы диагноз қойылмаған шизофрения. Олар ойындағы сәттілікке қатты сенеді, қарыздарын есептемейді. Мүмкіндіктері шектеулі екенін білгенімен, үміт үзбейді. Түптеп келгенде, құмар ойынға деген құмарлықты жеңу қиын әрі оның қанша уақытта мүмкін болатыны белгісіз.

Мұндайды һәкім Абай: «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын»,- дейді. Дегенмен, асып-тасымаса да азып-тозып жүргендер бар.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Сания Көпжасарова