Алматыда BeWoman Asia халықаралық форумы өтті

Әйел құқығы қорғалған ел – өркениеттің өлшемі. Еліміз соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай алға басты, деп хабарлайды 24kz.

Бүгінде Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында прогрессивті заңдар қабылданды.

Алматыда ашылған BeWoman Asia халықаралық форумында сөз сөйлеген Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осылай деді. Іс-шараға алыс-жақын шет мемлекеттерден жауапты қызметте жүрген тұлғалар, қоғам белсенділері мен іскер әйелдер қатысты.

Форумға 20 елден 100-ден аса делегат жиналды. Биылғы жиын «Трансформация. Тұлға. Отбасы. Қоғам. Болашақ. Көшбасшылық. Шабыт. Бірлік» ұранымен өтті. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, бүгінгі Қазақстан жаңа даму жолына қадам басты. Министр Мемлекет басшысы ұсынған жаңа идеологиялық тұғыр «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» бастамаларын негізге ала отырып, құндылықтарды жүзеге асыруда көшбасшы әйелдерге, ұрпақ тәрбиелейтін аналарға зор жауапкершілік жүктелетінін тілге тиек етті. Елімізде жауапты қызметтегі аналармен қатар кәсібін дөңгелетіп отырған іскер әйелдер де баршылық.

Салтанат Мыңбай, кәсіпкер, bewoman Asia форумының қатысушысы:

- Кәсіп жасау оңай емес. Бірде ұтыласың, бірде ұтасың дегендей. Ал әйел баласының ол жерде жүруі бұл бірінші кезекте білім, әрдайым тоқтамай білім алып отыру керек. Екіншіден, адамдармен дұрыс сөйлесе алу керек.

Форумда цифрландыру, жасанды интеллект, бизнес пен отбасы құндылықтары сияқты қоғам үшін өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар жиынға келген кәсіпкер әйелдер өз ойларын ортаға салып, білікті сарапшы мамандардан тың ақпарат алып қайтты.

Әлихан Мұсатаев, Bewoman Asia форумының бас продюсері:

- Бүгінде нарық та, адамдар да өзгерді. Сол себепті біз үнемі білімімізді жаңартып, жаңа дағдыларды меңгеріп отыруымыз керек. Форумның басты мақсаты да осы. Бүгін Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия әйелдері бағыт-бағдарын айқындап алды деп ойлаймын.

Айнұр Рахымова, кәсіпкер, Bewoman Asia форумының қатысушысы:

- Кәсіпті жүргізіп келе жатқаныма, міне, 15 жылдан астам болды. Бірақ осындай жерде мен аз болыппын. Қазақстанда болмаған нәрсе. Сондықтан өте ұнап жатыр және бізге де сондай бір күш беретін жер.

Спикерлер қатарында халықаралық және қазақстандық кәсіпкерлер, зерттеушілер, журналистер болды. Ұлттық комиссия төрағасының айтуынша, Қазақстан әйел құқықтарын қорғау көрсеткіштері бойынша әлемнің бірқатар елінен алда тұр. Заманауи білім мен көшбасшылық қасиеттерді ұштастыра білген нәзік жандар ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатыны тағы бір мәрте дәлелденді.

Авторлары: Алуа Ералықызы, Мұхит Құдықбаев