ЖИ негізінде әзірленген ұлттық онлайн-платформа іске қосылады
Жасанды интеллект негізінде әзірленген ұлттық онлайн-платформа іске қосылады, деп хабарлайды 24kz.
Мемлекет басшысы кеңес отырысында бұл тапсырманы Үкіметке жүктеді. Президент, осы платформа арқылы жұмыссыз қалған мамандарды болашақта сұранысқа ие болатын кәсіпке бейімдеу қажеттігін айтты. Еңбек нарығы күн сайын өзгеріп жатыр. Жұмыссыздың белең алып, тұрмыс сапасы төмендеп, әлеуметтік теңсіздік күшеюі мүмкін. Бірақ бұл тұста да жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға болады, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің міндетіміз – жұмыссыз қалудың алдында тұрған миллиондаған адамға жаңа мүмкіндік беру. Басқаша айтсақ, жасанды интеллектінің орасан зор әлеуетін жаңа жұмыс орындарын ашуға, адам капиталын күшейтіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыруға пайдалану керек. Үкіметке жасанды интеллект негізінде әзірленген ұлттық онлайн-платформаны іске қосуды тапсырамын.