Алматыда «Халық» қоры қарияларға құрмет көрсетті
Қарттар күніне орай «Халық» қайырымдылық қоры Алматыдағы «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында мерекелік кеш ұйымдастырды.
Былтырдан бері қор мен орталық арасында тұрақты байланыс орнаған. Игі дәстүр биыл да жалғасты.
Ән мен күйге, би мен жырға толы концерт қариялар үшін үлкен тарту болды. «Мирас» халықаралық мектебі, Алматы халықаралық мектебі және «NNEF» қорының, сонымен қатар «Арыстан» мамандандырылған лицейінің оқушылары сахна төрінде өнер көрсетіп, үлкендердің көңілін бір серпілтіп тастады.
Айымторы Тайғалинова, орталық тұрғыны:
- Осы жерге келгеніме бірнеше жыл болды. Ешқандай бір іштей, сырттай реніш жоқ. Мен осылай міне жақсы сөйлеп, жақсы киініп отырғаным. Сондай ризамын.
«Халық» қоры кәсіпкер Тимур Құлыбаевтың бастамасымен 2016 жылы құрылған. Содан бері талай игі істердің ұйытқысына айналды. Қайырымдылық шаралары арқылы қарттарға қамқорлық танытып, жастарды ізгілікке баулып келеді. «Шаңырақ» орталығымен әріптестік орнатып, дәстүрлі түрде қолдау көрсетіп отыр. Бұл жолы ортопедиялық төсектерін жаңалап берді.
Сағынбек Шүңкеев, «Халық» қайырымдылық қорының директоры:
- Біз былтыр 300-ден аса көпшік пен көрпе берген болсақ, биыл мысалы сол осы Шаңырақтың басшылығымен келісуімен 80 матрас алып келіп жатырмыз. Ортопедиялық матрас. Өйткені осы үлкен кісілерге жататын орны өте комфортты және де ыңғайлы болу керек.
Қордың мәліметінше, соңғы 9 жылда 85 миллиард теңгеден аса қаржыға түрлі әлеуметтік жобалар жүзеге асқан. Ал қамқорлыққа зәру жандарға көңіл бөлу - қор жұмысының басты бағыты.
Алуа Ералықызы, Валентин Лобанов