Абай облысында қоғамдық орындарды абаттандыруға ₸3 млрд бөлінеді
Абай облысында қоғамдық демалыс орындарын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Жобаға жалпы 3 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі таңда Ақсуат ауылында аумағы 7 мың шаршы метрді қамтитын жаңа саябақтың құрылысы аяқталуға жақын. Жоспарланған нысан аудандағы ең үлкен демалыс орны болмақ. Бүгінде құрылыс жұмыстарының шамамен 70%-і орындалған.
Құны 157 млн болатын саябақтың құрылысы биыл жазда басталған. Қазіргі таңда 30-дан астам маман тартылып, күн-түн демей еңбек етуде. Аллея ішінде жаяу жүргіншілер жолы, жарық шамдар, орындықтар мен балалар алаңқайы салынады.
Бекбол Тұрсынәлі, мердігер ұйым өкілі:
- Ауданның әкімдері күнде қадағалап, жақсы жұмыс жүріп жатыр. Қазіргі таңда мұнда әкеліп жатқан материалдардың барлығын Семей қаласынан алдырамыз. Материалдың бәрі өте сапалы, оған кепілдік бере аламыз.
Құрылысшылар жұмысты осы айдың соңына дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отыр. Жаңа саябақ пайдалануға берілген соң бұл аллея ауыл тұрғындары үшін ашық аспан астындағы тамаша тынығу орны болады.
Гүлмира Закибанова, Ақсуат ауылының тұрғыны:
- Үнемі осы жолмен өтемін. Күніне екі уақыт жұмысқа барып келеміз. Оындай заманауи саябақ салынып жатқанына өте қуаныштымыз. Өзім де, балаларым да отбасымызбен ризамыз.
Саят Лензатұлы, Ақсуат ауылының тұрғыны:
- Ауылымыз көркейіп жатыр. Мына кіреберісте үлкен кең жолақты жол салынып жатыр. Ақсуаттың келбетін ашатындай. Орталықтан алея ашылып жатыр. Тура екі мектептің ортасында балалар келіп демалса да, кешкісін үлкен адамдар келіп демалғанға да тамаша нәрсе.
Ақсуат ауылында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба елді мекеннің келбетін жақсартуға бағытталған ауқымды істердің бірі. Аудан халқы қоғамдық орындарды күтіп ұстау мақсатында жыл басынан бері 30-дан астам сенбілік өткізіп, жүз тоннадан астам қоқысты арнайы полигонға жіберген.
Ерсін Ескендіров, Ақсуат ауданының әкімі:
- Жұмыстар қазір сапалы жүргізілуде. Сонымен қатар төрт жолақты жолдың қасынан жаяу жүргіншілерге арналған тротуар салынды. Енді тал егу жұмыстары да жүріп жатыр. Саябақтарды қазір күтіп ұстап отырмыз.
Жалпы Абай облысында 51 балалар ойын алаңы жөнделіп, 15 саябақ қайта жаңғыртылмақ. Соның ішінде екі жоба Ақсуат ауылында іске асады. Қоғамдық орындарға жасыл желек егіліп, ирригациялық жүйелер де тартылып жатыр.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов