Биыл Алматы облысына 2,5 млн-нан астам турист келді
Саяхатшылар ағыны өткен жылмен салыстырғанда 37 пайызға өскен. Қапшағай су қоймасында жазғы шомылу маусымы кезінде 1,8 млн адам демалса, туристердің қалған бөлігі Көлсай көлдері мен Шарын шатқалы және Іле Алатау ұлттық паркінде тыныққан.
Алматы облысы - еліміздегі туристік әлеуеті зор өңірдің бірі. Сондықтан саяхатшылар қысы-жазы үзілмейді. Жер жәннатына баланған Жетісу жерінің тұмса табиғатын тамашалауға келетін шетелдік туристер саны 12 пайызға өсті. Ал ішкі туризм белсенділігі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25 пайызға артқаны байқалады. Жақында Қонаев қаласында жаңа мұз айдынын құю жұмыстары басталады.
Қуанышбек Мирамбекұлы, Алматы облыстық туризм басқармасының басшысы:
- Медеу алаңы қазіргі таңда құрылыс жұмыстарына жабылды. Сол алматылық туристер бар және сырттан келер өзіміздің халқымыз бар Қонаев қаласының, Алматы облысының, сол кісілерге ыңғайлы және қауіпсіз демалатын орын жасау үшін 1 желтоқсанға осы алаңды ашамыз деген ойдамыз.
Шетелдік туристерді әсіресе, Көлсай көлдері мен Шарын шатқалы және Іле Алатау Ұлттық паркі қызықтырады. Өткен 9 айда осы үш ұлттық паркке 700 мың турист келді.
Мерт Фуркан, Түркия
- Маған Көлсай мен Қайыңды қатты ұнады. Жан-жағы жасыл желекпен көмкерілген, суы мен нуы мол, әдемі жер екен. Көлсайға келуді ұзақ уақыт бойы армандадым. Себебі біздің арғы ата-бабаларымыз Түркияға ежелгі Тұран даласынан қоныс аударған. Осындай қасиетті де киелі мекенге табаным тигеніне өте қуаныштымын.
Ойқарағай курорттық базасында шаңғы тебуге арналған демалыс орны ашылды. Ал Қара шатқалдан шытынау эффектісі бар аспалы көпір салуға инвесторлар 1 млрд теңгеден астам қаржы құйды. Онда ұлттық тағамдар мен салт-дәстүрімізді, спорттық ойындарымызды насихаттауға арналған «Номад» қалашығы салынады. Оның құрылысына 300 млн теңге көлемінде жеке инвестиция тартылады.
Қуанышбек Мирамбекұлы, Алматы облыстық туризм басқармасының басшысы:
«Номад» қалашығына бөлек қаражат бөлінеді. Оны СКЛ Қара шатқалдың арғы бетіне жасағысы келіп отыр. Ол жерде көкпар ойындарын таныстыру, өзіміздің дәстүрлі тағамдармен танысу болады және біздің қыз қуу ұлттық ойындарымызбен шетелдік туристерді СКЛ таныстыру жұмыстары жүргізілетін болады.
Өңірде «Алатау аманаты» стратегиялық жобасы жүзеге аса бастайды. Сол арқылы Қастектен Қайыңды шатқалына дейінгі ұзындығы мың шақырымнан асатын туристік соқпақтың паспорты әзірленеді.