Бекет Мырзағұлұлының туғанына 275 жыл толды

Маңғыстауда Бекет ата Мырзағұлұлының 275 жылдығына және оның ұстазы Шопан атаның рухына арнап ас берілді.

Ауқымды мәдени шаралар Тобықты жерінде екі күнге жалғасты. Оған өңірлерден және шетелден келген 10 мыңнан астам адам қатысты. Мемлекет басшысы мерейтойға құттықтау жеделхатын жолдап, Бекет атаның ел руханиятындағы айрықша роліне тоқталды.

«Бекет ата - күллі қазаққа және бауырлас елдерге ғұлама ойшыл. Жұртын ізгілікке үндеген абыздың болмысын биіктете түсетін мәдени-рухани құндылықтар ұлтымыздың баға жетпес байлығы саналады. Оны сақтап, ұрпаққа мирас ету - парыз» - делінген жеделхатта. Президент құттықтауын аймақ әкімі Нұрдәулет Қилыбай оқып берді.

Нұрдәулет Қилыбай, облыс әкімі:

- Бүгінде Маңғыстау өңірінде жерасты мешіттері құлшылық орны, білім ордасы әрі ерекше сәулет өнерінің туындысы ретінде танымал. Менің тапсырмаммен Оғыландыдағы жерасты мешітін және осы аймақтағы басқа да тарихи нысандарды ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мұралар тізіміне қосу үшін нақты жұмыс атқарылып жатыр. Баршаңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Рухани шараға орай Тобықты жерінде жүзге жуық киіз үй тігілді. Мерейтой аясында Шопан ата мен Бекет ата мешітіне зиярат жасалды. Көпшілік аламан бәйге, қазақ күресі секілді ұлттық спорт сайысында күш сынасты.   

Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бұл ас - өткенге тағзым, бүгінге тағлым, болашаққа тәуекел. Жалпы Бекет ата түгел түркінің пірі болған, Қожа Ахмет Яссауидің жолын жалғаған тек қана машайықтар мекені Маңғыстау үшін ғана емес, Алты алаштың арысы.

Мерейтойда көрермен назарына тағлымы терең мәдени бағдарламалар ұсынылды. Еңбегімен елге сыйлы азаматтар «Ойталқы» алаңында елдік пен бірлік тақырыбында ой-пікірін ортаға салса, «Маңғыстау - машайықтың басқан жері» атты концерт, «Әулиелер әуезі» дәстүрлі өнер кеші көпшілікке ерекше әсер қалдырды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев