Қарағанды облысында егіннің 85%-і жиналды
Қарағанды өңірі егін орағын аяқтап қалды, деп хабарлайды 24kz.
Майлы дақылдар мен көкөніс те келесі аптада жиналып бітеді. Бір айтарлығы, өңірдегі біраз шаруашылық заманауи технологияның арқасында ас та төк астық жинады. Соның бір мысалы, Нұра ауданының диқандары сандық жүйемен басқарылатын тамшылатып суғару әдісін қолданған. Нәтиже қандай?
Өңірдегі жоғары сұрыпты тұқым өндіретін ірі шаруашылық биыл 38 мың гектарға дәнді және 10 мың гектар алқапқа майлы дақыл екті. Себілген тұқым арнайы кешенде тыңайтқышпен және зиянкестерге қарсы дәрімен өңделді. Егістікті жаз бойы тамшылату технологиясымен суарды. Нәтижесінде гектарынан 20 центнер өнім жинап жатыр.
Георгий Прокоп, шаруа қожалығының директоры:
- Біз ауыл шаруашылығына жасанды интеллектіні енгізуге кірісіп жатырмыз. Оның тиімді тетіктерін зерттеп жатырмыз. Бүгінде біраз жұмыс сандық технология көмегімен істеледі. Соның арқасында биыл шаруашылық тарихында болмаған рекордтық астық жинап отырмыз. Заманауи технологияларды кеңінен пайдалануды әлі де дамыта түсеміз.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Шаруашылық биыл тұқым өңдейтін мына заманауи кешенді іске қосты. Бұл толықтай сандық жүйемін жұмыс істейді. Сағатына 70 тонна астықты тазалай алады. Соның арқасында еңбек өнімділігі мен өнім сапасы жақсарды.
Бұрын астық ескі әдіспен бірнеше мәрте тазартылатын. Оған көп уақыт кетеді. Ал мына неміс машиналары дәнді-дақылды ең жоғары сапада сұрыптайды. Кешеннің жұмыс істеу мүмкіншілігі зор.
Думан Шәктаев, тұқым тазалау кешенінің меңгерушісі:
- Мұның бір ерекшелігі, фотосепаратор дегені бар. Мұнда мысалы, бидай мен арпаны бір-бірінен айыру өте қиын нәрсе. Ол жаңағы екеуін бір-бірінен айырып тастайды. Сондай мүмкіншілігі бар. Ірі және ұсақ сорттарды тазалайтын машинасы бар. Әрі тұқымды улайтын да кешені бар.
Алқаптағы барлық жұмыс диспетчерлік орталықта сандық жүйе көмегімен бақыланады. Бұл адам күшімен атқарылатын қосымша жұмысты жеңілдетіп, шығын есебін жүргізуге мүмкіндік береді.
Мұстафа Жанділдин, шаруа қожалығының бас инженері:
- Бізде мысалы 500 гектардай алқап қалып қойған ғой. Уақыт өте келе жолдар да өзгереді, бір шетінен біз қысқартамыз немесе жердің, судың эрозиясына байланысты ол жерден мысалы кесіп өткен шұңқырлар пайда болады. Ол жер себілмейді. Соған байланысты біз керек жанармайды, берілетін айлықты, себілетін тұқымды білетін боламыз.
Облыс бойынша 915 мың гектар жерге дәнді және 78 мың гектарға майлы дақылдар егілген. Қазір астықтың 85%-і жиналды. Картоп пен көкөніс алқабындағы жұмыс та бір аптадан соң аяқталады.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит