Шымкентте қосалқы электр стансасының құрылысы кестеден кешікті
Шымкентте қосалқы электр стансаның құрылысы басталғалы алты жылдан асты. Нысанды тапсыру мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген. Салдарынан 50 мыңнан астам тұрғын электр қуатына қол жеткізе алмай отыр.
Құрсай шағын ауданының тұрғындары қосалқы стансаның қосылуын асыға күтіп жүр. Төзімі таусылған жұрт электр жүйесін жеке меншік трансформатордан тартып алған. Алайда тариф қымбат, қуаты тым әлсіз.
Жарқынай Әшірбекова, қала тұрғыны:
- Қуаты жетпей қалады. Енді бұдан былай тіпті жетпейді. Қыста солай болады. Мұздатқыштар тықырлап тұрады. Пеш жақсы қызбайды. Тамызда жарық береміз деген. Қазір жеке меншікте отырмыз. Істеп жатыр. Алайда оның қашан бітетінін білмейміз.
Құрылыстың кестеден кешігуіне жер теліміне қатысты сот процестері себеп. Сондай-ақ, жерасты кабелінің қолды болуы кедергі келтірген. Мердігер компания өкілінің айтуынша, ақауларды түзеу үшін тапсыру мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген.
Бақберген Бақалбаев, жоба жетекшісі:
– Көпшілік «мед» деп ойлады. Сонымен ұрлық болды. Келтірілген залал – 7,5 км болды. Бұл шығынды толықтай біздің компания өз мойнына алды және барлық жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтадық.
Нысанның құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Энергетика өкілдерінің айтуынша, жоғары кернеулі автотрансформаторларға қуат беріліп, жүйе жүктемелік сынақтан сәтті өткен. Енді тек қабылдау актісін әзірлеп, соңғы техникалық құжаттамаларды бекіту жүріп жатыр.
Манас Тынышбек, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы:
- Қабылдау, өткізу актісіне сәйкес тексеру жұмыстары жүргізіліп қойды қазір. Ендігі кезекте құжаттарды рәсімдеу жүруде. Жылдың соңына дейін қосылады.
Қосалқы станса құрылысына қазынадан 6 млрд 600 млн теңге жұмсалды. Енді оны іске қосу кезінде қиындық болмаса 50 мың абонент пен сауда логистикалық орталығы сапалы электр қуатымен қамтылады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов