Атырау облысында дала өрті өршіп тұр

Құрманғазы ауданы орталығынан  67 шақырым жердегі «Жарқаса» каналының қарсы бетінде қамыс өртеніп жатыр.

Қазір төтеншеліктер  30 гектардан асатын  алқаптағы қызыл жалынды ауыздықтауға күш салуда. Күні кеше облыс орталығынан 20 шақырым жерде 1 гектар аумақтағы құрғақ шөп өртенді. Қалада түтіннің иісі сезілгеннен кейін төтенше жағдай қызметі өртті дереу сөндірді. Түтін сейілді, жағдай бақылауда, дейді жауаптылар. Жалпы жыл басынан бері өңірде 17 рет дала өрті болған.

Аслан Закраилов, облыстық ТЖ департаментінің басқарма бастығының орынбасары:

- Қазіргі уақытта өрттің 12 гектар болатын бөлігі жойылды. Оқиға орнында күштеме құралдар  сөндіру жұмыстарын жүргізуде. Елді мекендерге қауіп жоқ. Оқиға орнында Атырау облысы бойынша ТЖД-нің 31 жеке құрамы және 5 техникасы жұмылдырылды. Жалпы себебін айта кететін болсақ, өрттің себебі қазіргі уақытта қарқынды өсуде. Оның көпшілік себебі адамдардың жаңағыдай аңшылыққа шыққан кезде қауіпсіздікті сақтамауына байланысты.