Ақмола облысында екі елді мекен табиғи газға қосылды
Ақмола облысын газдандыру жұмысы қарқын алды. Бүгін екі бірдей елді мекен табиғи газға қосылды.
Олар Талапкер және Ыбырай Алтынсарин ауылдары. Жобаны «QazaqGaz» ұлттық компаниясы өңір әкімдігімен бірлесе іске асырды.
Жоба құны 7 млрд теңгеден асты. Сағатына 27 мың текше метр газ өткізуге қауқарлы 200 шақырымнан астам құбыр тартылды. Енді екі елді мекенге қарасты 7 мыңға жуық тұрғын үй көгілдір отынның шарапатын көрмек.
Уәлихан Қымбатов, «QazaqGaz aimaq» АҚ Астана өндірістік филиалының директоры:
- Ы.Алтынсарин ауылы бойынша 51 шақырым газ құбырлары, жоғары қысым 8 шақырым және 7 газ реттегіш пункт салынды. Бұл 2 мың тұтынушыға газға қосылуға мүмкіндік береді. Талапкер ауылы бойынша 155 шақырым газ құбырлары салынды және 18 шкафты пункттер салынды. Ол 5 мың абонентке газға қосылуға мүмкіндік береді.
Ыбырай Алтынсарин ауылында тұратын Қойбағаровтар отбасының табиғи газға алғашқылардың бірі болып қолы жетті. Үй иелерінің қуанышында шек жоқ. Тұрғындар бұрын қыс бойы көмір қорының бітпеуін бақылап, біраз әбігерге түсіп келгенін жасырмады.
Рахима Қойбағарова, Ыбырай Алтынсарин ауылының тұрғыны:
- Өзіміз зейнеткер болған соң көп қаражат төлейтінбіз. Бізге ауыр болды. Енді міне, газ келген соң газ плитасын қойдырдық. Пешті тек газбен жағатын болған соң, көп рахмет айтамыз. Өте қатты қуанып жатырмыз.
Ал әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін бір текше метр газдың құны түпкі бағасынан 28 пайызға арзанырақ болмақ. Ондағы мақсат тұрмысы төмендерді қолдау.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ақылбек Есімсейітов, Дмитрий Димитриев