Жетісу облысында «Үлгілі елді мекен» байқауы аяқталды

Жетісу облысында «Ең үлгілі елді мекен» анықталды. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы шеңберінде аталған байқау қорытындыланды. 

Жеңімпаз атанған әкімшілік аумақ басшыларына қаржылай сертификат табысталды. Жетісу облысында 352 елді мекен бар. Солардың ішінен Қаратал ауданындағы Кәлпе ауылы тазалықты ту еткен ең үздік әкімшілік аумақ деп танылды.

Сержан Андасбаев, Жолбарыс батыр ауылдық округінің әкімі:

- Кәлпе ауылында соңғы жылдары арнайы мәдениет үйі, спорт кешені, жас түлектер алаңы, ойын алаңы салынып жатыр. Енді осының барлығы мемлекет тарапынан ауылды елді мекендерге көңіл бөліп жатқандығы. Өте қуаныштымын. Бұдан былай ауылдың көркеюіне үлес қосатын боламын.

Екінші орын Көксу ауданындағы Жарлыөзек елді мекеніне  берілсе, Ескелді мен Алакөл аудандарындағы Нұрмолда Алдабергенов пен Ақтүбек ауылы үшінші орынға лайық деп табылды. Ал «Үлгілі аудан орталығы» конкурсында Сарыөзек кенті мен Жаркент, Сарқан қалалары жеңімпаз атанды.

Амантай Орынбеков, Сарқан қаласының әкімі:

- 2025 жылы мыңнан аса ағаш егілді. Тағы мыңнан аса ағаш отырғызу жоспарда бар. Қоқыс мың кубтай шықты. Бұл марапат бізге екі есе жауапкершілік жүктейді. Сондықтан да тазалық жұмыстарын әрі қарай да жалғастырамыз. Қаламызды таза ұстаймыз.

Салтанатты шарадан соң көпшілік сенбілікке қатысты. Тазалық жұмыстары Талдықорғанда ғана емес, облыстың аудан-қалаларында өткізілді.

Мәрлен Көлбаев, облыс әкімінің орынбасары:

- Облысымызда ескі үйлердің шатыры, қасбеттері жасалып жатыр. Балалар ойын алаңдары салынып жатыр. Аулалар жаңартылып жатыр. Көше жарықтары жасалды. Осының барлығы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан шаралар. Бүгінгі күннің өзінде 23 мың адам сенбілікке қатысты, 9430 ағаш отырғызылды.

Көктемнен бері Жетісу облысында 56 мың көшет егілді. Жыл соңына дейін олардың саны 120 мыңға жеткізіледі. Жалпы биыл өңірдегі сенбіліктерге 180 мыңнан аса адам қатысып, 13 тоннадан астам қоқыс шығарылған.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев