Қалбатау-Майқапшағай тасжолы ашылды

Бүгін республикалық маңызға ие «Қалбатау–Майқапшағай» тасжолының негізгі жұмыстары аяқталып, көлік қозғалысы жандады.

Қытай мен Ресейді байланыстыратын маңызды транзиттік бағытты жаңарту жұмыстары жеті жыл бұрын басталған. Жоба Қытай Экспорт-импорт банкінің және республикалық бюджеттен бірлесіп қаржыландыру есебінен жүзеге асырылды.

Халықаралық логистикалық бағыттың 184 шақырымы Абай облысының аумағынан өтеді. Бұл жолдың бойында Жарма, Көкпекті және Ақсуат аудандары орналасқан.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Халықтың ең көп көтерген мәселесі Қалбатау- Майқапшағай жолы болатын. Міне, бүгін аяқталып жатыр. Бұл үлкен қуаныш. Осы қуанышпен халықты құттықтаймын. Бүгін осында келіп халықтың қуанышымен бөлісіп отырмыз. Бұндай жұмыстар болашақта басқа жолдарда да жүргізіледі.

Автожол аймақтың экономикалық өсіміне, туризм саласының жандануына және өңірлер арасындағы қарым-қатынастың нығаюына ықпал етеді. Жоба Қытайдың Экспорт-импорт банкінің және республикалық қазынадан бөлінген қосымша қаражат есебінен жүзеге асты.

Берік Уәли, облыс әкімі:

- Тек облыстық қатынасты ғана емес, халықаралық транзитті қамтамасыз ететін стратегиялық дәліз. Мұның осы Республика күні, еліміздің басты мерекесі қарсаңында пайдалануға беріліп отырғаны облыс жұртшылығы үшін өте маңызды мереке.

Қайта жаңарту жалпы ұзындығы 415 шақырым болатын 10 учаскені қамтыған.

Дархан Иманашев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ төрағасы:

- Ковид уақыты келді. Тас, битум мәселесі шешілмегендіктен жоба біраз уақытқа созылып кетті. Былтырғы жылдан бері Президент тапсырмасына сәйкес барлық сұрақтар шешілді.

Жобаны іске асыру барысында демалыс алаңдары, көпірлер мен өткелдер салынды. Құрылыс кезінде 8 асфальтбетон зауыты жұмыс істеп, мыңнана астам техника мен 1800-ден аса жұмысшы жұмылдырылды.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов, Мәди Базарбеков