Жұмысшы мамандықтарға сұраныс артты
Жұмыс көп, жұмысшы жоқ. Ұлттық статистика бюросы хабарлауынша, биылғы жартыжылдықта елдегі айлықтың орташа мөлшері 435 мың теңгеге жуықтаған. Қалада жалақы мөлшері шамамен 460 мың, ауылдарда 365 мың теңгеге дейін барады.
Нарықта қарапайым жұмысшы, автобус жүргізушілері, буып-түюші, арнайы техника операторы, тракторшы мен дәнекерлеуші тапшы. Мұндай еңбеккерлерге ұсынылатын еңбекақы көлемі 350 мың мен 700 мыңның аралығында.
Айталық, елордада айына 500 мың теңгеден кем емес жалақы алатын автобус жүргізушілеріне сұраныс жоғары. Маңғыстауда айлық табысы 400 мыңнан асатын жүк көтергіштер қажет. Шығыс Қазақстанда 450 мың теңгеге дейін жалақы алатын кеншілер жетіспейді. Ал Ақмола облысында жұмыс берушілер жүк тиеуші операторларға 470 мың теңге төлеуге әзір.
Жыл басынан бері жалпы 607 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Сәйкесінше, елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға төмендеді. Бүгінде еңбек биржасында 65 мыңнан астам бос жұмыс орны бар.
Еңбек күшінің жетіспеушілігі бойынша Қостанай, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстары мен Астана көш бастап тұр. Айта кеткен жөн, жалақы деңгейі бойынша Қазақстан Орталық Азия елдері арасында алғашқы орында.