Достық ауылында жаңа мектеп ашылды

Республика күні қарсаңында Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының Достық ауылында мектеп ашылды.

Еңселі ғимаратта ауыл балаларының сапалы білім, саналы тәрбие алуына барлық жағдай жасалған.  Достық орта мектебі – «Келешек мектептері» жобасы бойынша өңірде бой көтерген бесінші білім ордасы.  Бұған дейін Орал қаласы мен Теректі, Бәйтерек аудандарында 4 мектеп салынған еді.

Достық ауылындағы 540 орындық ескі мектепте бұрын мыңға жуық шәкірт оқиты. Қолайлы жағдай болмауына байланысты кейбір пән өз деңгейінде өтпеген. Енді ол қиындық артта қалды. Еңселі де зәулім ғимаратта балаларға барлық мүмкіндік бар.

Наргиз Қартанбай, оқушы: 

- Бүкіл мүмкіндік берілген мына мектепте. Сыныптар өте күшті. Компьютерлер берілген. Мұғалімдердің өздеріне де өте көп жабдықтар берілген. Әр кабинетте электронды тақтасы бар.

Диас Төлеуғалиев, оқушы:

- Мектеп өте керемет. Заманауи үлгіде және біз мектебімізді мақтан тұтамыз. Бізге қатты ұнайды.

Жаңа үлгідегі ғимараттың ауданы типтік білім ордаларына қарағанда  кең, техникалық жарақтануы да артық. Әсіресе STEM-зертханалары, робототехника және пән кабинеттері шәкірттердің ізденісіне жол ашады. «Келешек мектептері» жобасымен жыл соңына дейін Бөрлі ауданында 3 және Зашаған кентінде тағы 1 оқу орны тапсырылады.

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

- 7 жаңа мектептің құрылысын бастаймыз. Ол келесі жылы аяқталады. Оның сыртында 84 мектепті 2027 жылға дейін күрделі жөндеуден  өткізуді жоспарлап қойдық. Биыл 6 мектептің күрделі жөндеуі аяқталады. Амандық болса осы жақында бәрін аяқтап бітіреміз. Оған тиісті мемлекеттен  қаражат қарастырылатын болады. Облыстық бюджеттен, республикалық бюджеттен.

Жаңа құрылыстарды жоспарлау арқылы Батыс Қазақстан облысында апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесі оң шешілуде. Соңғы үш жылда жалпы саны 7526 орындық 26 білім ордасы қолданысқа берілді.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов