Жетісу облысында балық шаруашылығы дамып келеді

Жетісу облысында балық өсіретін шаруашылықтар саны артып келеді, деп хабарлайды 24KZ. Қазір аймақта өзен-көлдерге ау салмай-ақ, шағын тоғандарда су маржанын бағып отырған 25 қожалық бар. Олар негізінен тауарлы балық шығарып, ішкі туризмді дамытуға үлес қосып жатыр. 

Ержан Рахымжановтың балық шаруашылығына білек сыбана кіріскеніне биыл үшінші жыл. Көксу өзенінің бойындағы оның шаруашылығында 2 тонна хан балығы өсіріліп жатыр. 

Ержан Рахымжанов, шаруашылық жетекшісі:

- Негізгі мақсат – ауданда балық өсіріп, туризмді дамыту. Одан кейін өзіміздің халықты жергілікті балығымызбен қамтысақ па деген ойымыз бар.

Балық өсіру бір қарағанда жем шашумен шектелетін оңай шаруа сияқты көрінеді. Бірақ шынтуайтына келгенде олай емес. Мәселен, мынандай хан балығын майшабақ кезінен 300 грамдық деңгейге жеткізу үшін шаруалар бес ай бойы тынымсыз еңбек етеді.

Жұмысшылар өзен деңгейін үнемі бақылап, хан балығын құзғындар мен кеміргіштерден де қорып отырады. Осы саламен айналысатын қожалықтар енді майда балықтарды өзге өңірден тасымай-ақ, Талдықорғаннан ала алады. Мемлекет қолдауымен ашылған жаңа серіктестікте биыл 300 мың шабақ шығарылды. 

Қалмахан Өткелбаев, ихтиолог:

- Күн сайын 3-4 рет тазалайсың. Мысалы, 100 мың келді ме, 100 мыңды қарап отырасың, өлгендерін алып отыратын кез болады. Одан кейін 20 күннен кейін майда шабақ болып шығады. Онда тағы тазалайсың, әр сағат сайын жем бересің.

Ихтиологтар жылына бір млн шабақ өсіруді межелеп отыр. Дегенмен бұл салада да өзекті мәселелер баршылық. Әсіресе уылдырық пен жем және техника қымбат. Дәл осы қажеттіліктерді алу үшін мемлекеттен субсидия мен жеңілдетілген несие беріледі. 

Мұрат Сейітханов, шаруашылық жетекшісі:

- Биыл 75 млн 2,5%-пен несие берілді. Оны толығымен игердік. Осы кредиттің ішінде үшке бөлінді. Балыққа, құрал-жабдыққа және икраға. Осы артымда тұрған 70 мыңдай балық жібердік. Осы балықтарды келесі жылы тауарлы балыққа жеткізіп, оны сатылымға шығару керек. Негізі 70 мың балықтан жоқ дегенде 80-90 тонна балық шығады.

Шаруашылықтағылар көктемнен бастап уылдырықтан дөңмаңдай, бекіре, сазан өсіруді жоспарлап отыр. Сол арқылы олар Балқаш пен Алакөлді балықтандырып, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға үлес қоспақ.  

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев