Жоғарғы соттың жалпы отырысы өтті

Заңдар қазақ тілінде анық, түсінікті жазылып, құжаттарды әзірлеу процесі жеңіл болуы керек.

Сонда азаматтардың құқығы жақсырақ қорғалады. Бүгін Жоғарғы Соттың жалпы отырысы өтіп, жиында осы және өзге де маңызды мәселелер қаралды. Айта кету керек, бұл кассациялық соттар құрылғаннан бергі алғашқы жалпы отырыс. Жиын барысында азаматтық процестегі өкілдік мәселелері, істі кейінге қалдыру тәртібі және жауапкердің талапты мойындауы сияқты нормаларды нақтылау талқыланды. Тағы мемлекеттік тілдегі құқықтық құжаттардың сапасы да сөз болды. Нақтырақ айтқанда, қылмыстық және қылмыстық процестік кодекстегі 56 нормативтік қаулының қазақ тіліндегі нұсқасына лингвистикалық сараптама жүргізілген. Нәтижесінде кем-кетіктері түзетіліп, ескірген терминдері жаңартылған. 

Еркеш Мәукен, ҚР Жоғарғы сот судьясы:

- Бүгін 15-ін қабылдап жатырмыз. 1992 жылы ең алдымен нормативтік қаулы қабылдапты. Сол кезде заң терминдері басқаша болды. Қазір заң өзгерді. Қазіргі заң терминдері өзгерді. Бұрын «жауапкершілік» деп көрсетілсе, қазір ол «жауаптылық» деп өзгертілді. 

Айырмашылығы ескірген, заң терминдері бұрын дұрыс қолданылмаған. Қазір барлығына лингвистикалық сараптама жасадық. Сондықтан да бәрін өңдеп жатырмыз.