Елорданың «Кирпичный» тұрғын алабына газ берілді
Елордада жаппай газ тарту жұмыстары жүріп жатыр.
Бүгін Байқоңыр ауданындағы «Кирпичный» тұрғын алабына алғаш рет табиғи газ берілді. Елді мекендегі 255 үй көгілдір отынмен қамтылды.
«Кирпичный» тұрғын алабында екі заманауи қысым реттеу қосыны орнатылып, газ құбыры «ЖЭС-1» (Бірінші Жылу электр станциясынан) тікелей тартылған. Жаңа желінің ұзындығы 18 шақырымнан асады. Жоба қала әкімдігі және «QazaqGaz» ұлттық компаниясы мен оның еншілес кәсіпорны «QazaqGaz Aimaq» Акционерлік Қоғаммен бірлесе жүзеге асты.
Талғат Рахманберді, "Байқоңыр" ауданының әкімі:
- Байқоңыр ауданында 250 мың тұрғын жуық тұрғын тұратын болса,мына елді мекенде 4-5 мың адам тұрады. 436 абонент бар, 255 үй бар, өндіріс орындары бар, соның бәрі бүгіннен бастап, кезек-кезек газға қосылатын болады. Газдандыру бұл біріншіден экология, екіншіден тұрғылықты тұрғындардың игілігіне қолайлы. Бұрынғыдай көмір жақпайды, отын жармайды. Биыл осы тұрғын алабында үлкен жұмыстар жүргізілді. жолдар салынды, кәріз жүйелері енгізілді, жаңа мектеп салынды.
Елді мекен тұрғындары бұл сәтті ұзақ күтті. Олар қыстың әр маусымында көмір тасып, күл шығарып әбігерге түсетін. Енді жер үйлер жылумен қамтамасыз етіліп, жергілікті халық үшін тұрмыс жеңілдеді.
Жүніс Қосман, «Кирпичный» тұрғын алабының тұрғыны:
- Үйімізге газ кірді ең бірінші Кірпіш кенті бойынша. Ауылымызды толық газдандырып жатыр. Халыққа қамқорлық жағдай жасалып жатыр. Бұл үшін қала әкімі атына, аудандық Байконур акиматына алғысымызды білдіреміз.
Қаланы көгілдір отынмен қамтамасыз ету кезең-кезеңімен іске асып жатыр. Жыл соңына дейін 300 үй газға қосылады. Еске салайық, Астананы газдандыру 2019 жылдан бері жүзеге асып жатыр.
Наргиз Бекмаганбетова, Санжар Біргебаев, Саят Башимов