Газ компаниясы халыққа 164 млн теңге қайтарады 

«QazaqGaz Aimaq» компаниясы тұрғындарға тегін көрсетілетін қызмет үшін заңсыз ақы алған. Мұны Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті анықтады. Енді елдегі газ тасымалдаушы негізгі оператор саналатын компания халыққа 164 млн теңге қайтаруға тиіс. 

QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалы 2022-2023 жылдары Түркістан облысында табиғи газға жаңадан қосылған тұрғындардың аңғалдығын пайдаланып, артық ақша алған. Яғни көгілдір отынға қосу және есептейтін құралды пломбалағаны үшін заңсыз төлем алған. Тұрғындар көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізгендеріне қуанып, компания өкілдерінің сұраған ақшасын бере бергенін айтады.

Мақпал Қалдыбекова, қала тұрғыны:

- Пломба қосып берген кезде 7 мың теңге төледік. Қызмет көрсету тегін екенін енді естіп жатырмыз. Бұлар заңсыз ақша жинап алған болып тұр ғой халықтан. Қарапайым халықты алдау болып тұр.

Ал жеке кәсіпкер Нұрлан Сәулебаев дүкеніне газды үш жыл бұрын кіргізген. Кәсіпкерлік нысан болғандықтан көгілдір отынға қосу бойынша түсініспеушілік көп болды дейді. Сондықтан «газ кірсе болды» деген оймен қаржыны қандай қызмет үшін төлеп жатқанының да байыбына бармаған.

Нұрлан Сәулебаев, кәсіпкер:

- Чек бергеніне берді, берілмегеніне келісіп істеттік. Мен мысалы, бір нысанға 37 мың төлесем, екі ғимаратыма 70 мың төледім ғой. Мен сияқты алданғандарды көріп жатырмын. Сөйтсем, 100 мыңға дейін, 80 мыңдай төлегендер бар екен. Жұрт осылай алданбаса деймін. Халықты қанау жақсылыққа апармайды.

Монополист компанияның заңсыз әрекеті өткен жылы әшкере болды. Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Нәтижесінде тұрғындарға көрсетілетін қызметті ұсыну тәртібінің өрескел бұзғанын анықтады. Бүгінгі күні негізсіз өндірілген қаржы сот арқылы халыққа қайтарылуда.

Дәурен Марат, ҚР ҰЭМ табиғи монополияларды реттеу комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің бас маманы:

- Қазіргі таңда «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалы тарапынан анықталған негізсіз кірістің 164 млн-ның 161 млн теңгесі тұтынушыларға қайтарылды. Бұл заң бұзушылық ҚР ӘҚБ туралы кодекстің 164-бабы 5-бөлігіне сәйкес, кінәлі деп танылып, аталған негізсіз сомманың 10%-на әкімшілік айыппұл салынды. Қазіргі таңда 16 млн 354 мың теңге көлеміндегі айыппұл мемлекет бюджетіне өндірілді.

Атап айтқанда, бүгінге дейін өндірістік филиал 16524 абонентке - 133 млн 926 мың, 856 кәсіпкерлік нысанға -  25 млн 259 мың және 46 өндірістік кәсіпорынға - 1 млн 292 мың теңгені артық төлем ретінде қайтарып берген.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Департамент мамандары заңсыз өндірілген қаражатты тұтынушыларға толық қайтару бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын, бұл іс ерекше бақылауда тұрғанын айтты. Сондай-ақ өңірде табиғи монополиялар, әсіресе коммуналдық және инфрақұрылымдық қызмет көрсететін компаниялар қатаң қадағаланатынын жеткізді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш