Алматыда Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті

Алматыда Тәуелсіздік күні аясында Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Шараға қала әкімі Дархан Сатыбалды, мәслихат депутаттары, Желтоқсан оқиғасына қатысушылар және ауған соғысының ардагерлері қатысты. Сонымен қатар этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдары өкілдері де арнайы келіп, құрмет білдірді.

Алматы – азаттыққа алғаш қадам жасаған қала. Өркениетке талпынған қазіргі Қазақстанның түп қазығы, тұғырлы мекені. Сондықтан Тәуелсіздік күнінің алып шаһар тұрғындары үшін маңызы зор. Осыдан 34 жыл бұрын еліміз тәуелсіз мемлекет етінде өзінің жаңа тарихына қадам басты. Алматыда мерекелік шаралар Республика алаңына орнатылған «Тәуелсіздік» монументіне гүл шоғын қоюдан басталды.

Аманғазы Кәріпжан, «Желтоқсан» мәдени-танымдық орталығы ҚБ төрағасы:

- Желтоқсан көтерілісі ғаламдық көтеріліс. Экономикалық талап қойылған бірнеше көтерілістер болды социалистік жүйеде. Саяси талап қойып, коммунистік жүйенің бетін қайтарған бірінші көтеріліс - Желтоқсан көтерілісі. Коммунисттік қоғам ең алғашқы қабырғасын қайырған Желтоқсан көтерілісі. Одан кейін бірнеше мемлекеттер тәуелсіздік алып, бірнеше одақ ыдырады. 

Тәуелсіздік монументі 1996 жылы 16 желтоқсанда ашылған. Содан бері алматылықтар дәстүрлі түрде осында келіп, тарихқа тағзым етеді. Бұл жолы да  егемендік жолында құрбан болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Әкежан Кеңесов, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы:

- Бәрімізге белгілі тәуелсіздіктің біз үшін  қалай келгендігі, сондықтан оның қадірін әрқашан білуіміз керек. Әсіресе біз тәуелсіз мемлекетте, егемен елде туған біз секілді жас ұрпақ үшін Тәуелсіздік күні жәй ғана мемлекеттік мереке ғана емес, бұл жалпы біз үшін берілген үлкен жауапкершілік. Осы егемендігіміз баянды болсын. Әрқашан да тәуелсіздіктің қадірін біліп оны насихаттап, дәріптеп жүру біздің басты мақсатымыз.

Қазір Алматыда Желтоқсан оқиғасына қатысқан 800-ге тарта адам тұрады. Келер жылы Желтоқсан оқиғасына 40 жыл болады. Осыған орай кешенді шаралардың жоспары әзірленеді.

Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев