Президент энергетиктерді құттықтады

Өткен жылғы жылыту маусымында технологиялық ақаулар 27 пайызға қысқарған. Тоғыз жылу электр орталығы «қызыл» аймақтан шығып, үш станция «жасыл» аймаққа өтті. 

Ал соңғы алты жылда электр қуатын өндіру көлемі 16 млрд кВт сағатқа артты. Бүгін энергетиктерді төл мерекелерімен құттықтаған Мемлекет басшысы қажырлы еңбектері үшін сала жұмысшыларына алғысын білдіріп, соңғы жылдардағы оң өзгерістерді атады. Тағы Президент жауаптыларға «Таза көмір» технологиясына тезірек көшуді тапсырып, баламалы қуат көздерін дамытуға да ерекше екпін беруді міндеттеді. 

Бүгін  ел дамуының көзге көрінбейтін, бірақ өмірлік маңызы бар тірегіне жауапты мамандар Ақордада жиналды. Ол – энергетиктер. Зауыттардың үздіксіз жұмыс істеуі, қыста халықтың бүрсең қақпауы, әр үйде, тіпті осы Президент резиденциясында да жарықтың бір сәтке сөнбеуі - осы сала мамандарының күн-түн демей атқарған еңбегінің нәтижесі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Энергетика саласы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар сала. Тұрақты қуат көзі болмаса, қуатты мемлекет құру мүмкін емес. Энергетика саласында қызмет ету – еліміздің дамуына үлес қосу деген сөз. Себебі сіздер атқарып жатқан жұмыстың игілігін еліміздегі әр отбасы, әр адам көреді.

Энергетика саласын алда әлі үлкен сынақ күтіп тұр. Қазір технологияның қарыштап дамыған заманы. Сандық жүйелерді орнату ісінде еліміз де көштен қалмай келеді. Яғни, тиісті инфрақұрылымды дамытуға баса мән берілген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан болашақта толыққанды цифрлық ел болуға тиіс. Осы мақсатқа жету үшін ауқымды жұмыс қолға алынды. Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды. Жақында белгілі америкалық компанияның технологиясы бойынша жасалған суперкомпьютер іске қосылды. Жаһандық үрдістерге сай жаңа «дата-орталықтар» салынады, «бұлтты» инфрақұрылым қалыптасады. Әрине, мұның барлығы энергетика саласы үшін үлкен сынақ болмақ. Сондықтан осындай маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін энергетика саласын түбегейлі жаңғыртуымыз керек.

Қажетті инфрақұрылымды тиісті деңгейде жаңарту 2030 жылға дейін жоспарланған. Алдағы бес жыл ішінде кемінде 200 нысанға реконструкция жасалып, 86 мың шақырым желіні жаңарту көзделген. Бұндай ауқымды жұмысты сапалы атқару үшін әрине, қаржы қажет. Бұл ретте Президент «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы іске қосылғанын еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- Соның нәтижесінде үш жыл ішінде тек кәсіпорындардың күрделі жөндеу жұмыстарына 900 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Бұл жұмыстың қарқынын бәсеңдетпеу керек. Үкіметке еліміздің энергетикалық әлеуетін ұдайы арттыру міндеті жүктелді. Бұл – Қазақстанның экономикалық дамуын одан әрі табысты жүзеге асыру үшін аса маңызды. Еліміз экспорттық әлеуеті зор энергетикалық державаға айналуы керек.

Айта кету керек, саладағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде былтыр жылыту маусымында технологиялық ақаулар 27 пайызға қысқарған. 9 жылу электр орталығы «қызыл» аймақтан шығып, 3 станция «жасыл» аймаққа өтті. Ал соңғы 6 жылда электр қуатын өндіру көлемі 16 млрд кВт сағатқа артты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- Бұл Қарағанды облысы сияқты өндірісі өркендеген аймақтың бір жылдағы қуат тұтыну көлемімен бірдей. Қазіргі кезде Қазақстанның электр энергетикасы жүйесіне жалпы қуаты 25 гигаваттан асатын 237 электр станциясы кіреді. Ал іс жүзінде қолданыстағы жалпы қуат көлемі – 21 гигаватт.

Негізі биыл елде энергетика саласында 348 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Соның арқасында бірқатар маңызды жобаларды қолға алу да мүмкін болды.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика Министрі:

- Алматы жобаларын атап өту керек. Ол – ТЭЦ-2, ТЭЦ-3. Біз оларға газ қоындырғыларын саламыз. Тағы да газ бу қондырғылары Түркістанда 1000 МВт қазір іске асырылып жатыр және Қызылорда қаласында 270 МВт газ бу қондырғысының бірінші кезеңі қазір іске асырылды. 70 МВт тапсырылды. Бұл бағыттағы үлкен жұмыс жалғасып жатыр.

Бұдан бөлек биыл батыстағы электр желісін күшейтетін бірегей жоба аяқталмақ. Ол Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарының энергетикалық тораптарын біріктіреді. Енді оларды бірыңғай ұлттық жүйеге жалғау жұмысы қалды. Сонымен қатар Екібастұзда үшінші ГРЭС-тің құрылысы басталып, екіншісінде жаңа энергоблоктар салынбақ. Жалпы Президент Үкіметке алдағы 10 жылда 26 ГВт-тан астам қуат өндіретін нысандарды іске қосуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз электр қуатын басқа елдерден сатып алмауымыз керек. Түптеп келгенде, бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Бұдан бөлек, еліміздің зор энергетикалық мүмкіндігін тиімді қолдану қажет. Мысалы, Қазақстан – көмірге бай ел. Жыл сайын 110 миллион тоннадан астам көмір өндіріледі. Осы стратегиялық артықшылықты дұрыс пайдаланған жөн. Біз заманауи үлгідегі «таза көмір» технологиясына тезірек көшуіміз керек.

«Таза көмір» технологиясы Курчатов, Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында бой көтеретін жылу электр орталықтарында да енгізілуі қажет. Қазір стратегиялық маңызы бар жобалардың жүзеге асуы әбден созылып кеткен. Бұған Президент те наразылық білдіріп, ары қарай күтуге болмайтындығын айтты. Тағы мемлекет басшысы жаңартылатын энергия көздерін дамытуға да тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Еліміздегі көмір қоры – шамамен 33 миллиард тонна. Соған қарамастан, біз жаңартылатын қуат көздерін дамытуға баса назар аударып отырмыз. Соңғы 5 жылда осы салаға 2,5 миллиард долларға жуық инвестиция салынды. Соның нәтижесінде энергетика секторындағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесі жеті пайыздан асты.

Қазақстанда алғашқы атом электр станциясының пайда болуы – энергетика саласына жаңа серпіліс әкелері сөзсіз. Бұл жоба елдің энергия қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, экономиканың тұрақты дамуына берік негіз қалайды. Сондықтан да жер жаһан түбегейлі бетбұрыс кезеңін бастан өткеріп жатқанда, осындай стратегиялық шешімнің қабылдануы маңызды болды – дейді, Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жалпы дүние жүзінде болып жатқан ауқымды өзгерістердің энергетика саласына ықпал ететіні сөзсіз. Әлемде қуат көздеріне қызу тартыс жүріп жатыр десек, артық болмайды. Бұған сақадай сай дайын болғанымыз жөн. Мемлекет энергетика мамандарының жаңа буынын даярлап, осы саланың әлеуетін арттыра береді.

Ал саланың әлеуетін осы күнге дейін арттырып, ендігі жас буынға жол сілтейтін ардагерлер міне, бүгін осы залға жиналған. Солардың қатарында 35 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келе жатқан Фазылбек Бекмағанбетов те бар. Бүгін қарапайым электр слесары ерен еңбегі үшін Президент қолынан өз марапатын алды.

Фазылбек Бекмағанбетов, «Кеgос» Ақ «Сарыбай жүйеаралық электр тораптары» филиалының электр слесары:

- Трансформаторларды, выключательдар солардың бәрі жақсы жұмыс істеуі үшін уақытында қарап отырып, ремонтын жасаймыз. Қазір жас балаларды тәрбиелеп жатырмыз екі. Мырзаш Нұрсұлтан деген бар, Қалиев Жасұлан деген балаларды тәрбиелеп жатырмыз. 30 жылдан астам уақыт бойы бір олрганизацияда жұмыс істегесін күтесің әрине. Сол арманым орындалды деуге болады. Қуаныштымын.

Биыл елде «Жұмысшы мамандықтар» жылы. Сондықтан да қарапайым еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетілуде. Бүгінде Мемлекет басшысының қолынан марапат алғандардың дені де солардың қатарынан.

Евгения Темникова, «Талғар жылу» МКК бас инженері:

- Бұндай жаңалықты күтпеген едім. Қуанып тұрмын. Шынымды айтсам, әлі де сене алмай тұрмын. Ұзақ жылдар бойғы еңбегімнің еленгеніне, осындай жоғары марапатты Президенттің қолынан алу бұйырғанына қуаныштымын.

Жалпы бүгін энергетиктер күні қарасыңда Президент қолынан 28 отандасымыз жоғары марапат иеленді.

Риат Шони, тілші:

- Энергетиктердің еңбегі көзге түсе бермейді, бірақ ел тіршілігінің әр сәтінде сезіледі. Қала мен ауылды жалғаған желілер, өндіріс пен тұрмысты бір арнаға тоғыстырған қуат – осы мамандардың жауапкершілігіне сеніп тапсырылған. Табиғаттың мінезі құбылған шақта да, уақыттың талабы күшейген тұста да олар жүйенің берік болуын қамтамасыз етіп келеді. Сондықтан энергетиктердің жұмысы бүгінде тек сала ішінде емес, қоғам деңгейінде де өз бағасын алуда.

Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев