Астананың Есіл ауданында шырша шамы жағылды
Астананың Есіл ауданында жаңа жылдық шыршаның шамы жағылды.
Салтанатты рәсім жылдағы дәстүрге сай ЭКСПО алаңында өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары сол жерде көңіл көтеріп, концерттік бағдарламаларды тамашалады.
Көрсең көздің жауын алатын жаңажылдық шырша жылдағыдан ерекше безендірілген. Мерекелік символдың биіктігі 22 метр. Оған жүздеген ойыншық ілініп, сәндік элементтермен көмкерілген. Дәл қазір ЭКСПО маңына барсаңыз ертегілер еліне саяхаттағандай күй кешесіз.
Айгүл Кәрібаева, қала тұрғыны:
- Нұра ауданының тұрғынымын. Біз осы жылда ЭКСПО жанындағы шыршаға осы немерелеріммен бірге келемін. Өте тамаша. Жылдан жылға жақсарып келеді. Балаларым, немерелерім қуанып күтеді осы Жаңа жылды. Барлық осы тұрғындарға жаңа жылдық жақсы мереке тілеймін.
Жылына бір келетін мерекелік тартуды көруге жүздеген адам жиналды. Олар күннің салқындығына қарамастан ән айтып, би билеп, көңіл-күйлерін көтерді. Арасында өзге қаладан келген қонақтар да бар.
Ғалия Досмұхамбетова, қала қонағы:
- Мен Астанаға Атыраудан келіп жатырмын. Биыл жаңа жылды осында қарсылаймыз. Ой, қандай керемет жаңа жыл болайын деп жатыр. ЭКСПО қасында бәрі өте жақсы ұйымдастырылған. Бәрі жарқырап, қар жатыр аппақ. Мұндай жаңа жыл Атырауда жоқ қой. Балаларға қандай керемет, қыдырып жүр. Бәріңіздің жаңа жылмен құттықтаймын. Бақытты болайық. Еліміз тыныш болсын. Жаңа жыл құтты болсын!
Бақытжан Алдауов, Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары:
- Жаңа жылдық безендіруді 1 ай бұрын бастадық. Былтырғы инсталляцияларды, шыршаларды жаңа жөндеуден өткізіп, ауданымызға орнаттық. ЭКСПО алаңындағы шырша ауданымыздың бас шыршасы. Және дәл осындай шыршалар ботаникалық саябақта, Жетісу саябағында, Қазақ радосы көшесі бойында, “Бағыстан” тұрғын алабы мен Пригородный жақта горкамен бірге қойылды.
Жаңа жылдық кеш мұнымен тоқтамайды. Күн сайын ЭКСПО маңында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Шанамен сырғанап, мұз айдында коньки тебуге де болады.
Мерей Қанапия, Жандос Битабаров