Бірнеше әуежайдың инфрақұрылымы жаңарады

Биыл бірнеше әуежайдың инфрақұрылымы жаңарады.

Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиеваның айтуынша, бұл жұмыстар Президенттің әуе хабтарын дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында қолға алынған. Атап айтқанда, Астана және Шымкент әуежайларында екінші ұшу-қону жолақтарының құрылысы басталады, Алматы әуежайының ішкі рейстер терминалы қайта жаңғыртылады, сондай-ақ Ақтау әуежайының перронына күрделі жөндеу жүргізіледі.

Салтанат Томпиева, ҚР Көлік министрлігі азаматтық авиация комитетінің төрағасы:

- Сонымен қатар өңірлік жобалар да жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде Атырау әуежайының жаңа терминалын салу, Павлодар әуежайын реконструкциялау, Қатон-Қарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы әуежайлар құрылысын аяқтау, Арқалық әуежайын қалпына келтіру бойынша жұмыстар бар. Инфрақұрылымды жаңғырту шеңберінде әуежайларда JetA-1 авиаотын сақтау және құю жүйелері жаңартылады. Бұл авиакомпанияларды отынмен қамтамасыз ету мен қызмет көрсету сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.