Өскеменде электр желісінде ақау жиіледі

Өскеменде жарықтың жиі сөнуінен тұрғындар әбден зәрезап болған. 

Жыл басынан бері шаһардың сол жағалау бөлігі желіден шыққан ақау салдарынан төрт рет электр қуатынан ажыратылған. Оған қоса үйдегі техника құралдары  істен шығып жатыр. Жұрт билік өкілдерінен шығынды өтеп беруді емес, мәселені түбегейлі шешуді сұрап отыр.

Өскеменде соңғы 10 жылда жаңадан 10 ықшам аудан бой көтерді. Алайда сол жақтағы жұрт сапалы инфрақұрылымға жарымай отыр. Әсіресе электр желісінен жиі ақау шығып, жарық өшіп қала береді. Амалы құрыған тұрғындар үздіксіз жұмыс істейтін қуат көзін алып, техникасын сақтап қалуға тырысып жатыр. Алайда оның да шамасы жетпейді. Аяқ асты өшкен электр энергиясы салдарынан Ілияс Сабыровтың электрлі плитасы, пеші мен компьютері күйіп кеткен.

Өткен айда электр жарығы жиі сөнді. Қаланың сол жағалауында желіден төрт рет ақау шығып,бірнеше ықшам аудан жарықсыз қалды. 

Ілияс Сабыров, қала тұрғыны:

- Соңғы кезде аптасына екі рет жарық өшірілген, көбінде электроқазандықтар бар, жарық өшкенде су қайнап кетуі мүмкін, сондай мәселе бар, техника күйеді.

Орталық жылу жүйесіне қосылмаған жеке сектордағы жұрт үшін бұл мәселе тіпті өзекті. Ринат Терлікпаев үйіне электр қуатымен реттелетін пеш орнатқан. Жарық сөнгенде жүктемеге шыдамаған құрылғысы жарылып кетті.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл аудандарға электр желісі тартылып, трансформаторлар қойылған. Алайда тұрғын үйлер бой көтергенше, құрылғылар ескіріп қалған. Енді оларды жаңартуға бағытталған кешенді жоспар құрылды. Жалпы 35 трансформатор ауыстырылады.

Ришат Шерубаев, Қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Алдыңғы екі жылда электр қуатын тарататын үш қосалқы станция жөндеуден өтті. Кабель желісінен 40-қа жуық ақау табылды. Енді солармен қатар трансформаторларды, басқа да маңызды құралдарды жөндеу қарастырылған.

Коммунналдық сала сарапшыларының пайымынша, жөндеу және жаңарту жұмыстарына кем дегенде 1,5 миллиард теңге жұмсалады. Ал энергетикалық компания өкілдері алдағы 4 жыл ішінде облыс бойынша 2 мың шақырым электр сымын жаңартпақ.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Дмитрий Пыхтин