Әуе тасымалындағы тәртіп күшейе ме?
Билетті ұшақтағы орын санынан асыра сатқаны үшін әуе компанияларына 3 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды.
Билеті бола тұра рейске отыра алмаған жолаушыға ваучер беріп құтылып кету қазір әуе тасымалдаушыларының әдетіне айналғаны рас. Мәжіліс депутаттарының ұсынысы мақұлданса, алдағы уақытта заңбұзушылықтың бұл түрі үшін әуе компаниялары жолаушыларға мың доллар көлемінде өтемақы төлеуі мүмкін. Сондай-ақ, рейс кешіктірілсе не мүлдем тоқтатылса, жауапты компания азаматтарға билет құнын бір апта ішінде қайтаруға міндеттелмек.
Сан ғасыр бұрын ат арылтып айшылық алыс жерге жету адамзат үшін қиямет қайым еді. Ал қазір әуе кемесінің көмегімен жеті қырдың ар жағындағы елдерге де қас қағым сәтте сапарлауға мүмкіндік мол. Бірақ, рейс кешігуін айтпағанда, әуе билетін ұшақтағы орын санынан асыра сату, ұшуға санаулы минут қалғанда әуе кемесін ауыстыру көптің бас қайғысына айналғалы қашан?! Қайтпек керек?
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
«Кезінде заңдардан барлық шектеулерді авиациядан алып тастаған. Сол арқылы жаңағы овербукинг дегенді көп пайдаланды. Овербукинг дегенді білесіздер ғой, авиакомпания алады да, артығымен билет сатады. Егер 200 билетті артық сатып, бірақ сол 2-3 адам сыймай қалса, оларға ешқандай қайтарылмайды ақшасы. Соны біз кеше министрмен келістік. 1000 долларға дейін айыппұл салайық дейді компенсация компанияға емес, адамға».
Көлік министрлігіне қарасты Авиация комитеті бұған не дейді?
Әсел Маратова, ҚР Көлік министрлігі азаматтық авиация комитетінің бас сарапшысы:
«Қазақстан республикасының заң талаптарына сәйкес, ел аумағында овербукингке тыйым салынған. Сатылатын билет саты борттағы орынмен сәйкес болуы қажет. 2025 жылдың 13 наурызына дейін бұл ереже тек халықаралық рейстерге ғана қолданылса, қазір ішкі рейстерге де енгізілген. Сәйкесінше, билетті асыра сатқаны үшін әуе тасымалдаушысына 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Былтыр бұл бойынша 7 заң бұзушылық тіркеліп, әуе компаниялары 2,8 миллион теңге көлемінде айыппұл арқалады».
Бұдан бөлек депутаттар тарапынан Тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңнан «қайтарымсыз билет» ұғымын алып тастау да ұсынылып отыр. Кешіккен рейс үшін билет құнын ваучермен алмастырып үйреніп қалған әуе компанияларының жұмысына да шектеу қоймақ.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
«Бізде ваучер дегенді шығарып алған. Ол заңсыз. Ваучер болмайды. Тек қана ақшамен 7 күн ішінде қайтаруға. Соны кеше министрмен келістік. Сосын Ресейдің тәжірибесін көрдік. Рейс 30 минутқа кешіксе, кез-келген штрафы бар билетті авиакомпания ешқандай штрафсыз бірден қайтаруы керек және біз былай келістік. Қазір рейс кешігу, бортты ауыстыру, басқа әр түрлі жағдай бар ғой, багаж жоғалу. Біз айттық «барлығына штраф болуы керек».
Әсел Маратова, ҚР Көлік министрлігі азаматтық авиация комитетінің бас сарапшысы:
«Қайтарымсыз билеттерге әзірге шектеу қойылмаған. Бірақ, кейін бұған өзгеріс енгізіле ме, жоқ па, ол Азаматтық авиация комитетіне ғана қатысты дүние емес. Бұл Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және әуе компанияларының бірлескен жұмыстарының нәтижесінде жүзеге асатын үрдіс».
Қазір қайтарымсыз билет рейсі 5 сағаттан артық уақытқа кешіктірілсе не мүлдем тоқтатылса жолаушыға билет құны толық төленуі керек. Бірақ өтеу сомасының мерзімі әзірге нақтыланбаған. Ал билет бағасын кім қадағалайды? Азаматтық авиация өкілінің сөзінше, оны әуе компаниялары нарықтағы бағаға сүйене отырып, ұшу уақыты, ұзақтығы және бағытына байланысты өз беттерінше қояды.
Назым Кенжебай, тілші:
- Әлеуметтік желіде «мен бағасы жоғары бортқа билет алдым, алайда, менің келісімімсіз билетімді лоукестерлік ұшақтың бортына ауыстырды» деген сыңайлы пікірлер жиі кездеседі. Бұл қаншалықты заңды? Азаматтық авиация комитетінің айтуынша, борттағы қызмет көрсету класы ауыспаса, бұл ешқандай заңбұзушылыққа жатпайды.
Тек лоукостерлік ұшаққа отырғызған кезде қосымша тамақ берілуі тиіс. Ал егер бизнес кластың билетін эконом класқа ауыстырса, сол кезде ғана әуе компаниясы жауапкершілікке тартылады».
Назым Кенжебай, Абдулхамит Бөлекпаев, Мұрат Әріпханов