Өскемен мектептерінде орын тапшы
Былтыр қалада 3 білім ошағы салынды. Келесі жылы тағы үшеуінің құрылысы басталады. Облыс орталығында оқушы саны елу мыңға жуықтады.
Жыл сайын сырттан көшіп келетіндер тағы бар. Әсіресе қала маңындағы жаңа шағын аудандарда бұл мәселе өзекті болып тұр. Жалпы былтыр өңірде «Келешек мектебі» жобасымен 7 мектеп пайдалануға берілді.
«Жібек Маталар» шағын ауданындағы мына мектеп 1000 орындық. Алайда қазір 2000 оқушы екі аусыммен оқып жүр. Қала тұрғыны Мәруза Әбікенованың немересі осы мектепте білім алады. Зейнеткердің айтуынша, аудан жыл санап үлкейіп жатыр. Мектеп тапшылығы сезіле дейді.
Мәруза Әбікенова, қала тұрғыны:
- Салыну керек, мектептің көптігі болмайды ғой. Осы мектептің өзіне бала сыймайды, жаңадан ашылған мектепке кетті жартысы. Соның өзінде бала көп.
Оқушының көптігін мектеп директоры Гүлфарида Ауғанбаева да растайды. Әл Фараби, Ілияс Есенберлин, Көкжал барақ даңғылында тұратындар баласын осында әкеледі. Қазір екі ауысымда да оқушы толық. Осы маңнан тағы да бір білім беру мекемесі салынса жүктеме азаяр еді - дейді ол.
Гүлфарида Ауғанбаева, №46 орта мектеп директоры:
- Мектептің өзінің қуат күші мың бала, екі ауысымда екі мың бала. Тіпті одан да кішкене асады енді. Сондықтан әсіресе Әл-Фараби даңғылына бір мектеп болса, кішігірім 600-800 балалық мектеп болса, №46 мектептің балалары сол мектепте білім алушы еді.
Директордың сөзінше білім беруде айтарлықтай қиындық жоқ. Әр пән кестеге сай өтеді. Тек денешынықтру сабағында мұғалімге де, балаларға да оңай болмай тұр. Бір залды бірнеше сынып бөлінеді.
Дәл қазір бұл жерде бір емес бірнеше сыныпқа сабақ болып жатыр. Сәйкесіншеше үш мұғалім сабақ беріп жүр. Бір ғана зал болғандықтан, осылай амалдауға тура келеді, өйткені сабақ кестеге сай өту керек. Алайда бұл барлық баланы қамтуға үлкен кедергі дейді мұғалімдер.
Енді ғимаратқа қосымша спорт зал салу туралы мәселе қаралып жатыр. Сала өкілдерінің айтуынша, қалада тұрғын-үй құрылысы қарқынды. Шағын аудандар бой көтерген сайын, оқушы саны да артады.
Думанғазы Арғынғазин, Қалалық білім бөлімінің басшысы:
- Әсіресе КШТ ауданында мектеп салу қажет. Келер жылға 3 мектеп құрылыс бастау қажет дегенді айтып отырмыз. Онымен мамандар шұғылданып, жер өлшеп, содан соң архитектуралық жұмыстар бар, сатып алу процестері бар, соның бәрі біткен соң мектеп планы басталады деп ойлаймыз.
Қаладағы балабақшаларда да орын тапшылығы бар. Мысалы, Сол жағалау ауданында мыңнан астам бүлдіршін кезекте тұр. Былтыр 3 жекеменшік бақша ашылып, бес ғимарат кеңейтіліп, қосымша орындар бөлінді. Биыл облыс орталығында тағы 3 мектепке дейінгі білім беру нысаны пайдалануға беріледі.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов