Семейде Дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Семейде жаңа Дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Водный кентінде салынған әлеуметтік маңызы бар нысан бір мезетте 160 баланы қабылдай алады.

Былтыр өңір тұрғындарының бұқаралық спортпен шұғылдануы үшін Жаңа-Семей, Мақаншы, Боро-дулиха аудандарында осындай 3 жаңа спорт нысаны халық игілігіне берілген болатын. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне, облыс әкімі Берік Уәли, спорт ардагерлері мен аудан тұрғындары қатысты.

Былтыр 2 мамырда капсуласы қаланған спорт кешені небәрі 9 айда пайдалануға берілді. Өңірде ашылып жатқан спорт нысандары бұқаралық және олимпиадалық спортты дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Берік Уәли, Абай облысының әкімі:

- Аумағы 3400 метр болатын нысанның капсуласын салып, уәде берген болатынбыз. Бас аяғы тоғыз айдың ішінде осы қуанышты жаңалықпен маңайда тұратын және барлық тұрғындарды құттықтаймын.

Арнайы келісім аясында бой көтерген екі қабатты кешен заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұндағы спорт залдары мен жаттығу алаңдары тұрғындардың спортпен жыл бойы шұғылдануына мүмкіндік береді. Бірінші қабатта волейбол, баскетбол, футзал сияқты спорт түрлеріне арналған ойын залы, екінші қабатта күрес залы орналасқан. Алдағы уақытта алты бапкер жұмыс істейтін болады.

Айгүл Канафина, Водный кентінің тұрғыны:

- Бұл спорт кешенін өте ұзақ күттік. Балаларымызға деген үлкен мүмкіндік. Қазір қала жаққа бармаймыз, өзіміздің ауданымызда балаларымызға спортпен айналысуға мүмкіндік бар.

Бейбарыс Шәріпбаев, 9-сынып оқушысы:

- Мен қатысатын үйірме ол - баскетбол. Баскетбол өте қатты ұнайды. Ол бізге үлкен қадам.

Қазір Абай облысында 18 спорт нысанының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар Семей қаласындағы Ұшақтар және Бобровка кенттерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бой көтеріп жатыр. Бұл заманауи инфрақұрылым өңір спортшыларының халықаралық деңгейдегі жарыстарға сапалы дайындалуына кең мүмкіндік бермек.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков