Алматыда бірегей қолжазбалар қалпына келтіріліп жатыр

Алматыдағы Реставрация және консервация орталығының қызметкерлері XVI ғасырдағы қолжазбаны қалпына келтіре бастады. Одан бөлек шамамен, 30 кітап жаңартылады. 

Олардың қатарында Хиуа хандығы билеушісінің қасиетті Құраны, Абайдың өлеңдер жинағы және басқа да тарихи басылымдар бар.

Сирек кітаптар мен көне қолжазбалардың әр данасы қайталанбайтын мұра. Сондықтан оны көздің қарашығындай сақтау керек. Қайта қалпына келтіру де оңай емес. Реставрация жұмысы бірнеше айға, тіпті жылдарға созылуы мүмкін. Мысалы, Хиуа билеушісі Саид Мұхаммад ханға тиесілі болған Құранды қалпына келтіру жұмыстары жарты жылдан бері жүргізіліп келеді. Алдымен ғалымдар беттерді шаң мен микроағзалардан тазартады. Дезинфекциядан кейін қолжазба алдын ала реставрациялауға жіберіледі.

Аида Шоманова, ҚР Ұлттық кітапханасының консервация, реставрация және түптеу қызметінің басшысы:

- Қалпына келтіру жұмыстарының алдындағы зерттеулер өте маңызды. Өйткені одан кейінгі бүкіл қалпына келтіру жұмыстарының желімі, қағазы қолданатын әдістері, сол зерттеулердің нәтижесінде анықталып жасалатын болады. Сол себептен біз оған өте аса зор маңыз аударамыз.

Баспа басылымдарының басым бөлігі XIX ғасырға жатады. Негізінен олар араб жазуымен жазылған діни мәтіндер, сондай-ақ оқу материалдары. Қалпына келтірілетін сирек кітаптардың ішіндегі «інжу-маржаны» – XVI ғасырдағы кітап. Оның нақты қай жылы шыққаны, авторы мен мазмұнын анықтау ғалымдардың міндеті. Ал оны зерттеуге дайындау қиын болғанымен, қолдан келетін шаруа.

Сырым Ботабеков, Реставрация және консервация орталығының ғылыми қызметкері:

- ХІХ ғасырдың бас жағында сол кезде шығарылған кітап – Құран кітап болған. Ол жердегі қандай қызық жағдай болды? Мысалы, ол кітап жаңағы ғылыми тілмен айтқанда библиолит деп аталады. Ол кітаптың парақтары толығымен бір біріне жабысып қалған. Алдындағы иесі ол кітапты жаңағы күштеп ашамын деп ортасынан жыртып тастаған. Біз алыстан ылғалдандыру тәсілін қолдану арқылы ол кітапты шамамен бір ай көлемінде аштық.

«Өте көне қолжазбаларды қалпына келтіру оңай», - дейді реставратор мамандар. Олар табиғи талшықты зығыр маталарға жазылған. Ал 1870-ші жылдардан кейінгі еңбектерде ағаш массалары көп қолданылғандықтан нашар сақталған. Сондықтан қалпына келтіру жұмысында жылдамдық емес, сапа маңызды. Табанды, мұқият еңбек кітаптарға тағы бірнеше жүз жыл өмір сүруге мүмкіндік береді. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Василий Павлиди, Радик Джакупов