ШҚО-да орман шаруашылығы жалға беріледі
Шығыс Қазақстан облысында бірқатар орман шаруашылығы жалға беріледі.
Табиғи ресурстар басқармасы мамандарының мәліметі бойынша, жалға алу мерзімі 10 жыл, ал кепілдік жарнасы 129 миллион теңге. Алғашқы кезеңде инвесторлардың назарына Жоғарғы Уба орман шаруашылығы ұсынылады. Мамандардың айтуынша, орман пайдаланушыларға қойылатын нақты талаптар бар. Атап айтқанда, техникалық жабдықтары толық болуы және өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауы тиіс. Орман шаруашылығындағы барлық жұмыстар орманшылар тарапынан тұрақты бақылауда болады. Айта кетейік, елдегі орман қорының 40 пайызы Шығыс Қазақстан өңіріне тиесілі.
Арман Есентаев, ШҚО табиғи ресурстар басқармасының басшысы:
- Әрбір орманшы күнделікті бақылау жасаған кезде видео-фото фиксацияны пайдаланады. Егер де бір бұзушылықтар болған кезде әкімшілік хаттама жасап тиісті жұмыс жасайды, егер де бір жалға алушыда бір жыл ішінде екі мәрте бұзушылық болса тиісті міндеттерін бұзып шарттарын бұзатын боламыз.