ШҚО: су электр станцияларын салуға қолайлы 95 учаске анықталды

Шығыс Қазақстанда шағын су электр станцияларын салуға қолайлы 95 учаске анықталды.

Бұл өңірдегі өзендердің энергетикалық әлеуетін зерттеу нәтижесі. Мұндай жұмысты жүргізу жөнінде Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда нақты тапсырма берген болатын. Осыған сәйкес, өңірде су ресурстарының мүмкіндігі жан-жақты сарапталды. Себебі республикадағы су қорының шамамен жартысы дәл осы аймақта шоғырланған. Бұл жобалар шалғай елді мекендерді тұрақты электр қуатымен қамтуға, жалпы энергожүйеге түсетін жүктемені азайтуға және өңірдің экономикалық дамуына серпін беруге бағытталған. Алдағы бес жылда облыста жалпы қуаты шамамен 149 мегаватт болатын 9 шағын су электр станциясын іске қосу жоспарланып отыр. 

Рауан Тұраров, ШҚО Энергетика ЖӘНЕ ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Алғашқы болып жүзеге асырылатын су электр станциясы Үлкен Нарын ауданында салынады. Оның қуаты – 1,4 мегаватт. Жобаны іске асыру 2027 жылға жоспарланған. Яғни сол жылы нысан толық пайдалануға беріледі.